Президент Телерадиокешені деректі кино шеберханасына айналды – ардагер
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл ҚР Президентінің Телерадиокешені 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Осы уақыт аралығында бұл ұжым елдің жетекші медиа құрылымдарының біріне ғана емес, нағыз шығармашылық зертханаға да айналды.
Деректі кино орталығында фильм өндірісі басқармасын ұзақ жыл басқарған Күлзада Қамарова уақыт шежіресін сөйлеткен деректі фильмдердің қалай түсірілгенін және журналист мамандығының қыр-сыры туралы әңгімелейді.
«Қазақстанды әлемге, ал әлемді қазақстандықтарға таныттық»
Күлзада Қамарова Президент телерадиокешеніне 2009 жылы мол тәжірибемен келген еді. Оның қоржынында облыстық телеарнаны басқарған көпжылдық еңбек өтілі бар еді. Соған қарамастан, кейіпкер Телерадиокешен туралы алғашқы әсері ерекше болғанын айтады. Оны ұжымның жоғары кәсіби деңгейі мен компанияның заманауи техникалық мүмкіндіктері тәнті еткен.
– Телевизияда біз ең алдымен көрерменге әсер ететін визуалды көріністі ойлаймыз. Ал мұнда кез келген сүреңсіз кадрдың өзін тартымды дүниеге айналдырып, құрғақ деректі қызықты оқиғаға ретінде жеткізе білетін. Ұжымда шын мәнінде талантты мамандар еңбек етті. Солардың қатарынан табылғаныма қатты қуандым, – деп еске алады ардагер.
Деректі кино – жай ғана оқиғаны құжаттау емес. Ол – сараптама, тарих және оқиғаның тереңіне үңілуді қамтиды. Шығармашылық топ мүшелері шетелдік іссапарларға жиі шығатын. Олардың алдында кез келген оқиғаның мәні мен маңызын қарапайым көрерменге түсінікті етіп жеткізу міндеті тұрды.
Түсірілім тобы ресми бағдарламалар басталардан екі-үш күн бұрын баратын. Өйткені материал жинауға, ортаның тынысын сезінуге және көрермен назарын аударатын ұсақ детальдарды табуға уақыт қажет. Дәл осы ерекшеліктер картинаны шынайы әрі тартымды етіп, жасандылықтан арылтады.
— Шын мәнінде, біз деректі кино арқылы әлемге Қазақстанды, ал қазақстандықтарға әлемді таныстырдық. Көрерменге ресми хрониканың тасасында қалып қоятын жайттарды көрсеттік, — дейді К.Қамарова.
Шеберлік алғашқы кадрдан басталады
Кино өнерінде бір заңдылық бар: көрерменді алғашқы минуттардан-ақ баурап алу қажет. Егер алғашқы 2-3 минутта назарды ұстап тұра алмасаң, бәрі бекер – фильм соңына дейін қаралмайды. Ал бұл – түсірілім тобының ондаған сағаттық еңбегі еш кетіп, көрерменге жеткізбек болған ойдың өз мақсатына жетпеуі. Сондықтан ресми, хаттамалық іс-шараларды түсірудің өзінде журналист көзге бірден ілігетін, қызықтырып әкететін деталь мен реңкті іздейді.
– Осы тұрғыда Телерадиокешеннің операторлары мен режиссерлері нағыз өз ісінің шеберлері еді. Олар алғашқы кадрды-ақ көрерменді жетелеп әкететін «ілмекке» айналдыра білетін. Біздің деректі кино тарихында айрықша із қалдырған бірқатар туындыны атап өтуге болады: «Еуразия жүрегінен – Еуропа жүрегіне», «Қазақстан – қызғалдақтың отаны», Астананың дамуына арналған «Даладағы ғажайып». Олардың әрқайсысы жай ғана экрандық шығарма емес, ел тарихының бір бөлшегі, оның жады мен жүріп өткен жолының көрінісі болды, – деп еске алады Күлзада Қамарова.
Кадрдағы жұмыс әрдайым үлкен жауапкершілік пен шеберлікті талап етті. Қай сәтке назар аудару керегін дәл сезіну, өзіңді дұрыс ұстап, әр сөз бен әр қимылды табиғи үйлестіру маңызды еді. Бұл тек кәсіби біліктілікті емес, ішкі жинақылықты да қажет ететін.
– Ол кезде ұжым салыстырмалы түрде шағын еді – бар-жоғы 60-70 адам болды. Соған қарамастан, біз идеяның тууынан бастап соңғы өндіріс кезеңіне дейінгі бүкіл процесті өзіміз атқаратынбыз. Әрбір кезең ұжым ішінде жүргізілетін, бұл жұмысқа тұтастық пен ерекше рух беретін, – деп еске алады Күлзада Қамарова.
Телерадиокешенге жұмысқа орналасқысы келген мамандарды іріктеу әрдайым өте қатаң талаппен жүргізілетін.
– Біреудің «таныс арқылы» немесе «телефон соғып» жұмысқа тұрғанын естімеппін. Әр қызметкер ұжымға тек өзінің кәсіби білімі мен талантының арқасында келетін. Көбіне оларды бірегей, сирек кездесетін маман деуге болады. Себебі жұмысты сапалы әрі жедел атқару үлкен жауапкершілікті талап етті. Мұндай қарқынды жұмыс ортасында салғырттыққа да, жауапсыздыққа да, біліксіздікке де мүлде орын жоқ еді, – дейді Күлзада Қамарова.
Архивті цифрландыру туралы
Заманауи технологиялар теледидарды анағұрлым жеңіл әрі мобильді етті. Ал 20 жыл бұрынғы жағдай мүлде басқаша болатын: ауыр камералар мен ірі штативтер қолданылатын. Соған қарамастан, Телерадиокешен әрдайым журналистердің техникалық жабдықталуын заман ағымымен қатар алып жүруге тырысты. Өнім сапасында алда болуға ұмтылыс үнемі құрал-жабдықты жаңартып, жаңа идеяларды іздеуді талап етті.
Бүгінде Президент Телерадиокешені – құрамында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Jibek Joly және Silk Way телеарналары, Silk Way Cinema киноарнасы мен Jibek Joly радиосы бар заманауи медиақұрылым.
Алайда бүгінгі күні де теледидарды архивсіз елестету мүмкін емес. Елдің келбетін қалыптастырған оқиғалар, адамдар мен тұтас дәуірлердің жады дәл сол жерде сақталады. Күлзада Қамарованың Телерадиокешендегі қызметі жазбаларды цифрландыру ісінің басталуымен тұспа-тұс келді. Осындай қажырлы еңбекті қажет ететін, мұқият атқарылатын жұмыс нәтижесінде елдің деректі шежіресін пайдалану мүмкіндігі жаңа буынның шығармашылық мамандарына жол ашты.
– Архивпен жұмыс біздің қызметіміздің ең қызықты әрі жауапты бөліктерінің бірі болды. Онда біздің барлық фильмдеріміз, ресми сапарлар, саммиттер мен жоғары деңгейдегі кездесулердің жазбалары сақталатын. Цифрландыру сапалы болуы үшін әрбір деталь мұқият сипатталуы керек еді: мысалы, «қызғылт бұлттар», «көшкен бұлттар», «қызғалдақтың ашылуы» немесе «толық ашылған гүл» деп сақтаймыз. Бұл жұмыс көп уақыт пен еңбекті талап етсе де, кейіннен дәл осы ұқыптылық бірегей кадрларды табуға, журналистік көзқарасты нақты жеткізуге мүмкіндік берді, – дейді кейіпкер.
Телерадиокешен ірі оқиғаларды түсіріп қана қойған жоқ, оны қоғам мен тарих үшін өзіндік бейнесін қалыптастырды. ЕҚЫҰ саммиті, Азия ойындары, Олимпиада секілді ірі халықаралық шаралардың әрқайсысы Телерадиокешеннің деректі фильмдерінде елдің үлкен шежіресінің бір бөлігі ретінде көрініс тапты.
– Біз оқиғаны ғана емес, оның мәнін де көрсететінбіз: халықаралық беделдің артуын, спорт инфрақұрылымының дамуын, Қазақстанның әлемдік мәдени және спорттық кеңістікке енуін ашып көрсете алдық, – дейді Күлзада Қамарова.
Осылайша, көрерменге болып жатқан оқиғаның ел болашағы үшін маңызын тереңірек ұғынуға жол ашатын көзқарас қалыптасты.
Күлзада Қамарова бүгінде құрметті зейнет демалысында. Дегенмен Телерадиокешендегі жылдарын еске алғанда, журналистика оның өмірінде әрдайым ерекше орын алғаны анық байқалады.
– Осы жұмыс арқылы мен әлемді көрдім, Еуропаның көптеген елдерінде болдым. Венецияға баруды, Еуропаның әйгілі театрлары – Италиядағы Ла Скала, Франциядағы Гранд-Операны көруді армандадым және сол арманым орындалды. Бірақ мен үшін ең қымбат ел – Бельгия болып қала береді. Себебі алғашқы шетелдік іссапарым дәл сол елден басталды. Егер өмірді қайта бастау мүмкін болса, мен дәл осы жолды таңдар едім. Президент Телерадиокешеніндегі жұмыс – өзіңді жүзеге асыруға, әлемді көруге және еңбегіңмен мақтануға мүмкіндік беретін ерекше жол, – дейді ардагер.
Бұған дейін қазақстандық тележурналистика ардагері Кеңесбай Әбенов ТРК-ның техникалық негізі қалай құрылғанын әңгімелеп берді.
Сондай-ақ, ТРК-нің техникалық дирекциясының басқарушы директоры Ернар Ибрагимов Телерадиокешеннің даму кезеңдері мен технологиялық жаңғыруы туралы айтып берді.