Президент телерадиокешені мен Al Jazeera бірлескен білім беру жобаларын дамытады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін «Қазақстандағы Al Jazeera» жобасының екінші маусымы аясында Президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Al Jazeera Media Network өкілдерінің кездесуі өтті.

Президент телерадиокешені мен Al Jazeera бірлескен білім беру жобаларын дамытады
Фото: Президент телерадиокешені

Қатардың жетекші медиа холдингінің делегациясын бас директор, корольдік әулет өкілі шейх Нассер бин Фейсал Әл Танидің арнайы тапсырмасымен Al Jazeera Media Institute директоры Иман Әл-Амри бастап келді.

Кездесу барысында Раушан Қажыбаева мен Иман Әл-Амри Қазақстан мен Орталық Азиядағы медиа саласына арналған білім беру бастамаларын одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

Al Jazeera Media Institute директоры Иман Әл-Амри қазақстандық БАҚ студенттері мен кәсіби мамандарына арналған дәстүрлі білім беру бағдарламаларын жаңа бастамалармен толықтыруды ұсынды. Атап айтқанда, Қазақстанды Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы негізгі медиа орталыққа айналдыру мақсатында бірлескен «Таланттар зертханасын» құру бастамасын көтерді.

Президент телерадиокешені мен Al Jazeera бірлескен білім беру жобаларын дамытады
Фото: Президент телерадиокешені

Ал Al Jazeera Plus цифрлық платформасының директоры Асиль Мансур Қазақстан туралы бірегей авторлық контент әзірлейтін талантты әрі кәсіби креаторлар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жоба мен арнайы оқыту бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Бұл бастамалар аясында Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен табиғатын насихаттайтын бірегей бейнематериалдар әзірленіп, Al Jazeera Plus платформасы арқылы әлемдік аудиторияға ұсынылмақ. Осылайша, отандық авторлардың жұмыстары халықаралық деңгейде таралып, Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын жаһандық аудиторияға танытуға мүмкіндік туады.

Өз кезегінде Al Jazeera Media Network-тің аға продюсері Башар Хамдан Al Jazeera Plus платформасы үшін түсірілген цифрлық жобаларды Al Jazeera 360 платформасы мен медиахолдингтің телеарналарына арналған ауқымды деректі контентке айналдыруды ұсынды.

Сонымен қатар Башар Хамдан Al Jazeera 360 платформасында «Қазақстанға ашылған терезе» атты арнайы бөлім құру бастамасын көтерді. Онда авторлық материалдармен қатар Президент телерадиокешенінің үздік деректі жобалары да жарияланатын болады. Оның пікірінше, мұндай бөлім кең аудиторияның қызығушылығын тудырады.

Президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева аталған бастамаларды жүзеге асыру медиажелінің өңірдегі тұрақты қызметін жолға қоюға жасалған алғашқы маңызды қадам болатынын атап өтті.

— Бұл бастамалар журналистер қауымдастығының кәсіби құзыретін дамытуға және жаңа буын кәсіби мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді, — деді Раушан Қажыбаева.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Доха қаласында Президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Al Jazeera Media Network бас директоры шейх Нассер бин Фейсал Әл Тани арасында кездесу өткен болатын. Сол кезде тараптар екі медиа ұйым арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын талқылады.

Дохада өткен кездесуде Al Jazeera телеарнасын Қазақстанда тарату және бүкіл өңірдегі оқиғаларды жариялауға арналған кәсіби база құру мәселелеріне қызығушылық білдірілген еді. 2026 жылы бұл бастамалар нақты жобаларды іске асыру кезеңіне өтті.

Анықтама:

Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені — медиаконтентті өндіру мен таратудың барлық кезеңін қамтитын, еліміздегі ең ірі тігінен интеграцияланған медиа компания.

Компанияның құрамына қазақстандық аудиторияға арналған Jibek Joly телеарнасы мен аттас радио, Silk Way, Silk Way Cinema және Silk Way Prime халықаралық телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы және TRKLAB цифрлық бөлімшесі кіреді.

Al Jazeera телекомпаниясы 1996 жылы Катар әмірінің жарлығымен құрылған. Бүгінде телеарна әлемнің көптеген елінде араб және ағылшын тілдерінде хабар таратады. Оның шетелдерде 50-ден астам бюросы бар.

Деректі контент Al Jazeera Documentary телеарнасының эфирінен көрсетіледі.

Еске сала кетейік, жақында Президент Телерадиокешені мен кореялық Aju News Corporation Азия кеңістігінде бірыңғай медиажелі құруға кіріскен болатын.