Президент Телерадиокешені тарихи оқиғаларды қалай таспалайды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенті Телерадиокешенінің Деректі кино орталығы мыңдаған тарихи сәтті таспалап, мыңнан астам деректі фильм әзірледі. Экраннан небәрі 30 минут көрсетілетін әр туындының артында ұзақ ізденіс, шығармашылық еңбек пен үлкен жауапкершілік жатыр. Бұл туралы «Жібек жолы» радиосындағы «Арнайы хабар» бағдарламасында орталық мамандары айтып берді.
Деректі кино орталығының директоры Ақылбек Шалжановтың айтуынша, орталық Мемлекет басшысының қызметі мен қоғамдағы маңызды оқиғаларды арқау еткен қоғамдық-саяси контент әзірлейді. Сондықтан түсірілген әрбір кадрдың тарихи маңызы ерекше.
– Біз түсірген әрбір кадрды тарих деп қабылдаймыз. Президенттің ішкі және сыртқы сапарлары, мемлекет басшыларымен кездесулері, түрлі халықаралық оқиғалар – мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін архив болып қалады. Сондықтан әрбір фильмнің жауапкершілігі өте жоғары, – деді ол.
Ақылбек Шалжановтың пікірінше, деректі кино жаңалықтан өзгеше жанр. Мұнда әр кадр мұқият іріктеліп, режиссер, сценарист, редактор, монтаж режиссері мен продюсер бірлесе жұмыс істейді.
– Біз үшін басты мақсат – сапалы дүние жасау. Әр кадр талданып түсіріледі, әр эпизодтың өз орны бар. Бұл – үлкен шығармашылық ұжымның ортақ еңбегі, – деді ол.
Деректі фильмнің сапалы шығуында продюсерлердің де рөлі айрықша. Деректі кино орталығының бас продюсері Әділбек Құламанның айтуынша, әр туынды бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ дайындықтың нәтижесінде дүниеге келеді.
– 30 жылда 1000-нан астам фильм түсірілді. Әр жұмыс идеядан басталады. Кейін сценарий жазылады, түсірілім өтеді, монтаждалып, дыбыспен әрленеді. Мұның бәрін үйлестіруде продюсердің жауапкершілігі үлкен, – деді ол.
Әсіресе Мемлекет басшысының шетелдік сапарларына арналған фильмдерге қойылатын талап жоғары. Себебі мұндай сапарларда көтерілетін мәселелердің мазмұны көбіне соңғы сәтте нақтыланады.
– Біз алдын ала мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты, бұған дейінгі кездесулерді, көтерілген мәселелерді зерттейміз. Сапар аяқталған бойда сценарий жазылып, монтаж басталады. Өйткені бүгінгі ақпарат ертең тарихқа айналады. Сондықтан материалды уақытылы әрі дәл жеткізу аса маңызды, – деді спикер.
Сонымен қатар шығармашылық топ әр фильмде ресми стиль мен көркемдікті үйлестіруге тырысады.
– Кездесу кешке аяқталса, таңертең сценарий дайын болуы керек. Қыдыруға уақыт жоқ. Бар күш-жігер ақпаратты жедел әзірлеуге жұмсалады. Ресми стиль мен көркемдік те маңызды, – деді ол.
Шетелдік іссапарлар барысында ақпарат таратумен қатар Қазақстанның ұлттық болмысын танытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Шығармашылық топ алдын ала барып, атмосфералық бейнероликтер түсіреді. Онда қазақтың домбырасы, ұлттық киімі мен мәдениеті кеңінен насихатталады.
– Біз Қазақстанды мәдениетіміз арқылы да танытқымыз келеді. Домбыра үні шетелде шырқалып, ұлттық құндылықтарымыз әлемге танылса деген ниетіміз бар Осы бағыттағы соңғы жұмыстардың бірі – Мемлекет басшысының Бельгияға сапары негізінде түсірілген «Брюссель диалогы» деректі фильмі. Қазір туынды республикалық телеарналар мен YouTube платформасында қолжетімді., – деді ол.
Ал орталық редакторы Нұрлан Қабдайұлының айтуынша, сапалы деректі фильмнің басты ерекшелігі – оның барлық элементінің бір-бірімен табиғи үйлесім табуында.
– Диктордың дауысы, музыкасы, кадры, мәтіні – бәрі бір-бірін толықтырып тұруы керек. Кейде көрермен экранға қарамаса да диктордың дауысынан ойды түсінеді. Ал кейде бір ғана кадрдың өзі бәрін айтып тұрады. Деректі киноның ерекшелігі осында, – деді ол.
Президент телерадиокешенінің 30 жылдығына орай бұл жұмыстар енді көрерменге жаңа форматта ұсынылып жатыр. Қазір ел көлемінде «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өтіп, шығармашылық топ Қазақстанның өңірлерінде көрерменмен кездесіп, үздік туындыларын таныстыруда.
– Біз үшін ең үлкен жетістік – көрерменнің эмоциясы. Егер адам маңызды ой түйіп шықса, еңбегіміздің ақталғаны, – деді Ақылбек Шалжанов.
Кинолекторий барысында ерекше қызығушылық тудырған туындылардың бірі – Арал тағдыры туралы деректі фильм. Авторлардың айтуынша, онда бір адамның өмірі арқылы тұтас өңірдің экологиялық мәселесі мен еңбек адамының тағдыры көрініс тапқан.
– Арал мәселесі – Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасы. Сондықтан бұл тақырыпты көтеруді маңызды санадық. Фильмдегі кейіпкер Күнтуған Тұрғанбаев туындыны алғаш рет көріп, көрермендермен кездесулерге қатысты. Оның әсері ерекше болды, – деді спикерлер.
Мамандардың айтуынша, экраннан небәрі 30 минут көрсетілетін фильмді түсіруге шамамен 30 сағат жұмсалған. Операторлар әр кадрдың мазмұн беруіне ерекше мән берген.
Айта кетейік, 30 жыл бұрын шағын шығармашылық ұжым ретінде жұмысын бастаған ҚР Президентінің телерадиокешені бүгінде бірнеше бағытты біріктіретін ірі медиақұрылымға айналды. Оның құрамында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары және «Жібек жолы» радиосы бар.