Президент телерадиокешенінің кинолекторийі: шежіреден – болашаққа

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы 21 мамыр күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған республикалық кинолекторий басталады. 

Президент телерадиокешенінің кинолекторийі: шежіреден – болашаққа
Фото: TRK Documentary

Мерейтойлық іс-шара аясында Президент телерадиокешенінің 30-дан астам авторлық деректі фильмі еліміздің 20 қаласында көрермен назарына ұсынылмақ. Ауқымды ағартушылық жоба барлық облыс орталығын қамтып, 25 қыркүйекте Алматы қаласында мәресіне жетеді.

Кинолекторийдің басты мақсаты – көрерменді Президент телерадиокешенінің өндірістік базасы – Деректі кино орталығының негізгі жобаларымен таныстыру.

Туындылар Мемлекет басшысының қызметін, Қазақстанның қазіргі заман тарихын және аймақтардың даму барысын баяндайды. Бағдарламаға классикалық деректі фильмдерден бастап, заманауи қысқаметражды және вертикалды форматтағы 30-дан астам туынды енді.

Бұл фильмдер – ауқымды реформалар мен өзгерістерден бастап, қарапайым жандардың тағдырына дейін қамтитын еліміздің нағыз шежіресі. Астанадан басталып, барлық облыс орталығын аралап, Алматыда аяқталатын мәдени-ағартушылық жоба мемлекет саясаты мен құндылықтарын насихаттауға бағытталған.

TRK Documentary
Фото: TRK Documentary

Кино көрсетілімдері аймақтардағы жергілікті кинотеатрларда өтеді. Бұл өңір тұрғындарының сапалы деректі контентті тамашалауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар іс-шара аясында Деректі кино орталығының шығармашылық тобымен кездесулер, талқылаулар және жастарға арналған дәрістер ұйымдастырылады.

Жоба облыс әкімдіктерімен бірлесе жүзеге асырылуда. Көрермен үшін кіру тегін. Көрсетілім кестесі мен кинолекторий бағдарламасы Президент телерадиокешенінің ресми ресурстарында жарияланады.