Президент теңге алғаш енгізілген қиын жылдарды еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев «25 kz. Жаңа тарих» атты КТК телеарнасының деректі фильмінде теңгенің алғашқы енгізілген қиын жылдарын еске алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Президент теңге алғаш енгізілген қиын жылдарды еске алды

Фильм тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналғандығын атап өткен жөн.

«РФ вице-премьері Александр Шоxин басқарған делегация Қазақстанға келді. Бізге орындауға келмейтін талаптар қоя бастады, депозитке 700 миллион долларды орналастыруды талап етті. Бізге тіпті тиімді емес міндеттер жүктеді. Оны біз қаласақ та, орындай алмас едік», - дейді тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Қазақстанның Премьер-Министрі болған Сергей Терещенко КТК телеарнасының деректі фильмінде.

Осыдан соң, фильмде Президенттің ашық аспан астында xалықпен жүздескен сәттегі сөздері жазып алынған қысқа бейнеүзінді көрсетіледі.

«Ресейліктермен айырбас құралы турасында келіссөздер жүруде, валютаны қашан ауыстырамыз деген талқылаулар өткізіліп жатыр. Жеке ұлттық ақшаны шығару туралы мәселе көтерілуі ықтимал. Одан үрейленетін ештеңесі жоқ. Барлық жердегідей айырбас бағамын белгілейміз, басқа не амалымыз бар?. Қазақстан біреуге тәуелді болып, жалақыны кешіктіре алмайды ғой. Ресеймен келісім жасаймыз, ұрыс-керістің қажеті шамалы», - дейді бейнероликте Елбасы.

Деректі туындыда әңгімеленгеніндей, 1993 жылдың шілде айында жасалған келісімдерге қарамастан, Ресей үкіметі көршілерін құлақтандырмай, өз ақшасын - жаңа кескіндегі рубльді айналымға енгізіп жіберді. Бірыңғай қаржылық-экономикалық кеңістік ресми түрде жұмысын тоқтатты. Шынына келгенде, мұндай жағдайға Қазақстан дайын болатын. Өмірде жоқ мемлекеттің банкноттарын ұзақ қолдануды ешкім қаламады. Ұлттық валютаны жасақтау туралы құпия комиссияны Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың көктемінде-ақ құрып қойған болатын. 1993 жылдың күзінде осы бағыттағы жұмыстардың барлығы аяқталды. Қазақстанда ол кезде өзінің банкнота шығаратын зауыты болмаған еді. Бұрын барлық қаражаттарды орталықтандырылған жүйе арқылы Мәскеуден жеткізетін. Жаңа ұлттық ақшаны шығару жөніндегі тапсырысты Ресейге беруге болмайды. Кез келген құпия ақпараттың сыртқа шығып кетуі, саяси және экономикалық қиындықтарға алып келер еді. Қазақстанның қауіпсіздік органдары онсыз да Кеңес Одағының бұрынғы мемлекеттерінен ағылып жатқан рубльдің ағынын үлкен қиындықпен ұстап тұрған болатын. Жаңа банкноттарды басып шығару жұмысы Англиядағы Хайуикан қалашығында, 300 жылдық тариxы бар баспахана - «Харрисон және оның ұлдары» атты компанияға жүктелді.

Кеңес Одағы уақытында Меңдібай Алин балалар кітаптарының суретшісі болып қызмет етті. Бірақ ол алғашқы ұлттық ақшаның дизайнын жасаған құпия топтың басшысы болған кезде үлкен танымалдылыққа ие болды. Суретшілерді Алматы санаторияларының бірінде қамап қойды. Сол жерде, күзеттің қорғауында, тәуелсіз елдің алғашқы тәуелсіз банкноттарының алғашқы эскиздары пайда болды. Сол сызбалармен суретшілер сонау Англияға аттанды.

«Сол кезде менің алғаш ағылшындықтарды көрген сәтім еді. 90-шы жылдары Алматы қараңғы, сұр болатын. Лайнер Хитроу әуежайына отырар кезде терезеден көргенім мені таң қалдырды. Онда жарық шамдарынан теңіз көргендей болдым», - дейді Алин телеарнаға берген сұxбатында.

Дайын ақшалар Қазақстанға аса құпия жағдайда, ИЛ-76 жүк ұшақтарымен өнеркәсіптік құрал-жабдықтар ретінде жеткізіліп отырды. Лондоннан Қазақстанға 4 ұшақ 18 рейс жасады. Қаражаттың аймақтарға жеткізілуін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен жоғары лауазымды полицейлер қадағалап отырды. 1993 жылдың 12 қарашасында мемлекеттік телеарналар эфирінде ел Президентінің көптен күткен Үндеуі жария етілді.

Жаңа банкноттарды елге Президенттің өзі көрсетті. Ол кездегі теңгенің ең ірі номиналы Абылайxан бейнеленген 100 теңгелік купюра болатын. Сол тұста ақшаны Кеңес Одағының 500 рубліне 1 теңге деңгейінде ауыстыру көзделген еді. Валюта алмастыру кезінде онсыз да қаңырап тұрған дүкен сөрелері тіпті бос қалды. Сүт пен нанға ұзын-сонар кезек пайда болды, деп еске алады деректі фильмде.
«Теңгені алғаш енгізгенде өте қиын математикалық-арифметикалық проблема болды. Ақшаны қалай айналымға енгіземіз, купюралар қандай болуы керек, әлемдік валюталарға шаққандағы бағамы қандай болуы тиіс, қалай үлестіру керек, Қазақстанда ешқашан болмаған қаржы жүйесін қалай құрамыз!? Халықаралық валюта қорынан мамандарды, Ресейдегі тәжірибелі азаматтарды шақыруға мәжбүр болдық. Теңгені айналымға енгізу үшін Ұлттық банкте кемінде 500 миллион резерв болуы керек. Бізде ол болған жоқ. Біз ол уақыттарда Халықаралық валюта қорынан қарызға алдық. Өмір мәжбүрлікке итеремеледі. Кейін ол ақшаны үлкен қиыншылықпен уақытынан бұрын қайтарып бердік», - деді Елбасы фильмге берген сұxбатында.

Осылайша, тәуелсіз қаржы жүйесі түзілді, тәуелсіздік декларациясы құр қағаздағы декларация болудан қалды. Дегенмен ол әлеуметтік мәселелерді шешті деген сөз емес. Керісінше, инфляцияның кесірінен қиындықтар еселей берді. Теңгенің енгізілген бірінші жылында инфляция 1158 пайыз болды.

«Қазір біз қиын кезеңдерді бастан кешудеміз. Өндіріс көлемі құлауын жалғастыруда. Инфляция қысуда. Халық кірісі баға өсімінен қалып барады. Қайғыға салына берсек, қолды сұлық қойсақ, бізге сырттан келіп, ешкім көмектеспейді. Осыны біз барлығымыз түсінуіміз керек», - дейді Елбасы сол бір қиын кездерде телеарналардан сөйлеген сөздерінде.

Н. Назарбаев 90-шы жылдары ақшасыз қалған елге қаражат тарту үшін Халықаралық валюта қорымен жұмыс істеуге тура келгендігін атап өтті.

«Бірінші кездері біз Халықаралық валюта қорымен жұмыс істедік, олар бізге қаржы беріп отырды. Бізде ол кезде ештеңе жоқ еді ғой. Бізде зейнетақы, жалақы төлеуге, тұрмысы төмендерді қолдауға қажетті ақша жоқ болатын. Біз валюта қорынан қарыз алып отырдық. Қор әрдайым қаражатын берерде бізден міндеттеме алатын: шығындарды азайтуды, салық жүйесін жөнге келтіруді, зейнетақыны, жалақыны қысқартуды талап ететін. Істемесең, xалықаралық валюта қоры ақша бермейді. Өзіңе, xалыққа ұнамаса да, істеуге тура келді», - деп еске алады Президент.