Президент «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық валюта – теңгенің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толуына арналған мерекелік медальді бекіту туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды

«Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесінің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толу құрметіне қаулы етемін:

1. «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын.

2. Қоса беріліп отырған:

1) «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары;

2) «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін», - делінген Прзидент қол қойған Жарлықта.

Құжатта көрсетілгендей, мерекелік медальді мына лауазымдағы тұлғалар Мемлекет басшысының атынан табыстауға құқылы:

- Ұлттық банк төрағасы;

- Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары;

- Ұлттық банк филиалдарының, Ұлттық банктің Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігінің және Ұлттық банк ұйымдарының бірінші басшылары;

- Ұлттық банктің төрағасы айқындайтын уәкілетті тұлғалар.

«Мерекелік медальмен ҚР ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесінің және ҚР қаржы жүйесінің дамуына және нығаюына, ҚР мемлекеттілігінің қалыптасуына және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ҚР азаматтары және шетел азаматтары наградталады», - делінген құжатта.