Президент төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыруды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің қаржылық дербестігін күшейту қажеттігін айтты.

адамдар
Фото: Ақорда

«Әкімдердің өкілеттігін қайта қарау мен жауапкершілігін күшейту экономикалық ресурстарды рационалды бөлумен қатар сауатты жүргізілуге тиіс. Әйтпесе аталған бағыттағы реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді.

Ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды.

Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар.

«Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл — өте дұрыс.

Десек те жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді.

Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс», — деді Президент.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің өкілеттігін нақтылау жөнінде тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар