Президент ТРК мен MNU Халықаралық журналистика мектебін ашты

Бүгін Мақсұт Нәрікбаев университетінде Халықаралық журналистика мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото
Фото: ҚазАқпарат

Іс-шараға Президент кеңесшісі — баспасөз хатшысы Берік Уәли, Президент Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева, сондай-ақ бірқатар шет мемлекеттің елшісі қатысты.

Бірегей білім беру жобасы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары үшін шығармашылық және техникалық мамандар дайындау мақсатында Президент Телерадиокешенімен бірге жүзеге асырылып отыр. Халықаралық мектепке бірінші оқу жылында 201 студент қабылданған. Олардың 20-сы Президент Телерадиокешені мен «Dara» президенттік бастамалар қорының грантын алды.

Оқу ағылшын тілінде өтеді, жекелеген пәндерде қазақ және орыс тілдері қолданылады.

Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли мұндай жоба халықаралық деңгейдегі нағыз кәсіби мамандарды тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«Қазіргі мына ашылып отырған Халықаралық журналистика мектебі — студенттерге осы салада үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Өйткені 70 пайызы ағылшын, 30 пайызы қазақ-орыс тілдерінде оқытылады екен. Жалпы бұл халықаралық деңгейде білім алып, көкжиек кеңейтетін мықты жоба. Осындай ауқымдағы, журналистика факультет Қазақстанда тұңғыш рет ашылып жатыр. Осы жерден шыққан мамандар кейінгі буынға үлкен бір мектеп қалыптастыратынына сенімдімін», — деді Берік Уәли.

Аудитория
Фото: МИА «Казинформ»

 

Болашақ журналистерге арналған білім бағдарламасы Columbia University, Berkeley University, Princeton University, City University of London сынды білім ордаларында қолданылатын үздік әлемдік тәжірибе негізінде әзірленген.

Университет
Фото: МИА «Казинформ»

 

«Бүкіл әлем бастан кешіріп отырған қарқынды өзгерістер кәсіби журналистикаға барынша қатаң талап қойып отыр. Ақпараттың өте үлкен көлемін өңдеп, сараптай алу, сүзгіден өткізіп, сыни ой елегінен өткізе білу қажет. Сонымен қатар қазіргі БАҚ мультимедиалыққа айналды. Және де біз жаңа буын журналистеріне, болашақ әріптестерімізге түрлі форматта жұмыс істеу үшін өзекті білім мен дағы алуға мүмкіндік беруіміз керек», — деді Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева.

Студенттер Президент Телерадиокешенінің мына ресурстарында іс жүзінде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады: «Jibek Joly» телеарнасы, «ҚазАқпарат» ХАА және Деректі кино орталығы. Мұнан бөлек, студенттерге Columbia University, University of Cambridge, New York Film Academy, Mississippi Valley State University және Michigan State University USA түлектері білім береді.

Книги Президента
Фото: МИА «Казинформ»

 

«Журналистік білім бір орнында тұрмайды. Бүгінде біз білім беру процесін қарқынды дамытып, заманауи білім технологиясын енгізгіміз келеді. Ол — студенттерімізді толғандыратын тақырыптар бойынша сарапшылардың шеберлік сабақтары, мультимедиялық практикум, дөңгелек үстелдер, баспасөз мәслихаттары», — деді Maqsut Narikbayev University басқармасының төрағасы Талғат Нәрікбаев.

Студия
Фото: МИА «Казинформ»

 

Соңғы жаңалықтар