Президент цифрландырудың кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент подписал, Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды
Фото: Akorda

Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа ақпараттандыру объектілерін QazTech «электрондық үкіметі» ақпараттық-коммуникациялық платформасынан тыс құруға мораторий енгізіледі.

Үкіметке мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа ақпараттандыру объектілерін QazTech платформасында әзірлеу мүмкін болмаған кезде әрбір нақты жағдайды Президент жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына шығару тапсырылды.

Жарлық мәтіні

Қазақстан Республикасындағы цифрландырудың кейбір мәселелері туралы

Цифрландырудың платформалық моделіне көшуді қамтамасыз ету, мемлекеттік функциялардың қайталануын болғызбау және бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа ақпараттандыру объектілерін «QazTech» «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасынан (бұдан әрі – «QazTech» платформасы) тыс құруға мораторий енгізілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа ақпараттандыру объектілерін «QazTech» платформасында әзірлеу мүмкін болмаған кезде әрбір нақты жағдайды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына шығаруды қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері осы Жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев

Астана, Ақорда, 2025 жылғы 9 желтоқсан

№ 1117

 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы екі айда мемлекеттік органдарды цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге байланысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырған еді. Осы өзгерістердің басты элементі – QazTech ұлттық цифрлық платформасы болды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығын цифрландырудың маңызын атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар