Президент: Цифрлық трансформация мен ЖИ - бәсекеге қабілеттілігіміздің кепілі
АСТАНА. KAZINFORM — Президент елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) штаб-пәтерінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, елімізде энергетика, көлік және цифрландыру салаларындағы инфрақұрылымды жаппай дамыту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Қазақстан халықаралық серіктестермен бірге теміржол және автокөлік дәліздерін, теңіз порттарын, жалпы транзит және логистика саласын жаңғыртуды белсенді түрде қолға алды. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллект — еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Біз Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдырғымыз келеді. Өйткені жасанды интеллект өсімі инновация мен цифрлық дербестіктің негізгі қозғаушы күші болады. Осы стратегиялық маңызы зор салаға күш-жігерімізді жұмылдыру үшін Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрдық. Көп ұзамай қуатты суперкомпьютерді іске қосамыз, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын жаңғыртуды тағы бір стратегиялық бағыт ретінде атады. Ел экономикасын әртараптандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аталған саланың ықпалы зор.
— Біз жаһандық қосылған құн тізбегімен толық интеграцияланған, сондай-ақ климат пен орнықты даму саласындағы мақсаттарға сай келетін тұрақты экономиканың негізін қалап жатырмыз. Бұл ұзақмерзімді мақсатқа жету үшін халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастық құруға мүдделіміз. Орайлы сәтті пайдаланып, осы маңызды бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан дипломаттар қауымының айрықша рөлін атап өткім келеді, — деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша АӨСШК қатысушыларына табыс тілеп, Ұйымға жоғары деңгейде төрағалық жасағаны, диалогты нығайтудағы өлшеусіз күш-жігері, АӨСШК-нің институттық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның сенімді досы — Әзербайжан еліне алғыс айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Астанадағы АӨСШК штаб-пәтерінің ашылу рәсіміне қатысты.
Президент іс-шараға жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, еліміздегі дипломатия саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.