Президент Түрікменстанмен инвестицияларды қорғау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Бұған дейін Сенат Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық әріптестігін нығайтатын келісімді ратификациялағанын жазған болатынбыз.
- Бүгін біз маңызды құжатты – Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау жөніндегі Қазақстан Республикасы Заңын қарастырып отырмыз. Бұл халықаралық ынтымақтастық саласындағы кезекті ғана келісім емес. Бұл – Қазақстан мен Түрікменстан секілді бауырлас мемлекеттердің стратегиялық әріптестігін нығайту жолындағы маңызды қадам. Аталған заңның қабылдануы – инвесторлар үшін ашық, тұрақты және болжамды жағдайларды қалыптастыруға, ұзақмерзімді экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар бұл құжат тереңірек мағынаға ие – ол халықтарымыз арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің берік негізін қалауға қызмет етеді, - деді келісім бойынша негізгі баяндама жасаған сенатор Амангелді Нұғманов.
Сенатордың атап өтуінше, бұл заң экономиканың барлық саласындағы инвестициялық үдерістерге – мемлекеттік те, жеке сектордағы да инвестицияларға қолдау көрсетуді және оларды қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құқықтық акт. Бұл – қос мемлекеттің бизнес қауымдастықтарының мүдделерін қорғау бойынша мемлекетаралық деңгейде алғаш рет нақты кепілдіктер мен міндеттемелерді бекіткен бірегей және маңызды құжат. Сондай-ақ, келісім халықаралық арбитражға қол жеткізу және шетелдік инвестицияларға әділ қарау сияқты маңызды мәселелерді бекітеді.
- Қазақстан мен Түрікменстан жай ғана көрші елдер емес. Бізді ортақ тарихи тамырлар, біртұтас мәдени және рухани негіз байланыстырады. Түрікмен халқы өзінің бай мәдениетімен, ұлттық болмысты сақтаудағы табандылығымен, үлкендерге құрметпен қарауымен, дәстүрлерді қастерлеуімен және жас ұрпақты ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеуімен заңды түрде мақтана алады. Түрікменстан – ұлттық киімді кию дәстүрі мемлекеттік деңгейде сақталып, қолдау табатын сирек елдердің бірі. Мұнда ата-баба мұрасымен тірі байланыс тек сақталып қана қоймай, мәдени егемендіктің үлгісі ретінде қызмет етіп жатыр. Осындай мемлекетпен ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету – бұл біздің саналы таңдауымыз. Бұл тек экономикалық пайда әкелетін әріптестік қана емес, бұл – рухани жақындасу, өзара құрмет пен ұрпақтан-ұрпаққа берілген мәдени байлықты бірге сақтау жолы, - деді Амангелді Нұғманов.
Оның атап өтуінше, келісімде басым бағыттардың бірі ретінде энергетика саласындағы ынтымақтастық көрсетілген. Қазақстан тарапы Түрікменстандағы газконденсат кен орындарын игеру және құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.