Президент Ұлан-Батырдағы Азия біріншілігінде топ жарған боксшыларды құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлан-Батырда өткен Азия біріншілігінде табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады. 

Президент Ұлан-Батырдағы Азия біріншілігінде жеңіске боксшыларды құттықтады
Фото: ҰОК

Президент спортшыларымыз жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті.

Құттықтауда Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова секілді спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріліп, ортақ жетістікке зор үлес қосқанына назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің әлемдік жарыстарда көк байрағымызды биікте желбірете берулеріне тілектестік білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында бокстан Қазақстан құрамасының медальдар кестесінде 1-орын алғанын жазған едік.