Президент: Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде журналистердің мемлекеттік басқару саласында табысты еңбек етуіне мүмкіндік мол екенін айтты.

«Журналистер қауымы ұлттық парламентаризмді дамытуға қашан да зор үлес қосып келеді. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі. Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Президент Әкімшілігінде де журналистер аз емес.
«Олар өз кәсіби ортасына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасында алтын көпір қызметін атқарады. Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады», - деді Мемлекет басшысы.