Президент Үндістан Республикасын Тәуелсіздік күнімен құттықтады
АСТАНА.KAZINFORM — Мемлекет басшысы Үндістан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Премьер-министр Нарендра Модиге құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Президент жеделхатында Үндістанның халықаралық қатынастардағы орны елеулі екенін, сондай-ақ үлкен экономикалық жетістікке жетіп, зор ғылыми-техникалық әлеуетке ие болып отырғанын атап өтті, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, түрлі салада өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модидің жауапты қызметіне табыс, ал достас Үндістан халқына бақ-береке тіледі.
Бұған дейін Президент Пәкістанның Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттарын жолдаған болатын.