Президент жаңа Құрылтай төрағасын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Құрылтайының төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынды.
– Жоғарыда атап өттім, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек. Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуында.
Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. 2003 жылы осы ЖОО-ның магистратурасын «аймақтану магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.
Сонымен қатар, 2001-2002 жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы болды.
2008-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, ҚР Парламентінің Сенаты Төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы.
2011-2013 жылдары ҚР БҰҰ-дағы Тұрақты Өкілдігінің үшінші хатшысы, атташе.
2013-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі.
2019-2021 жылдары ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары.
2021 жылдың мамыры – 2022 жылдың қаңтар аралығында ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары.
2022 жылы ҚР Президенті Іс басқарушысы. 2024 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болды.
Ал 2026 жылдың мамыр айынан Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды.