Президент Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу шешімін құптады
АCТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтетінін атап өтті.
- Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз. Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршамызға пайдалы болмақ, - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі.