«Президент Жер кодексіндегі түзетулерге мораторий жариялады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 мамыр, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Президент Жер кодексіндегі түзетулерге мораторий жариялады» - баспасөзге шолу

Кешегі күннің басты жаңалықтарының бірі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың елдің арасында үлкен түсінбеушілік туғызған Жер Кодексінің 4 жаңа бабына мораторий жариялау болды. Қазақстанның басты басылымдары осы өзекті мәселені қозғап отыр.
***

«Президент Жер кодексіндегі түзетулерге мораторий жариялады» атты мақалада «Айқын» басылымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі кеңесте айтқан тапсырламалар мен міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталған.

Елбасы әлем елдері шетелдік инвестиция тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанына назар аударды.

- Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына салынған қаражат өзін ақтау үшін 10-15 жыл керек. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 10 жылға, соның ішінде шетелдіктердің жалға алуы туралы заң ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда бұл салаға әлі айтарлықтай инвестиция келген жоқ. Шетелдіктер 65 мың гектарда ғана жұмыс істеп жатыр, яғни жалға алынған жердің 0,06 пайызы ғана. Бірақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етіп отыр. Жерді ұзақмерзімге жалға беру - бүкіл дүние жүзі бойынша инвестиция тартудың амалы. Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланд сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайды. Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды. Жер кодексі нормаларын әзірлеу барысында бұл тәжірибелер ескерілді. Бірақ жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нормалардың мәні тиісті топтарға жеткізілмегенін атап өтті.

- Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге сенбейтін болса, демек, бұл дұрыс емес деген сөз. Өйткені бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы ақпараттық саясат мәселесін де қозғады.

- Бүгінде бұл функциялар профильді емес министрліктің құзырында. Үкіметте бұл саланы ешкім үйлестірмейді, мемлекеттің ақпараттық саясатқа бөлетін қаражатын ешкім бақыламайды. Сондықтан қазіргі ақпараттық сын-қатерлерді еңсеру үшін, Бес институттық реформаның барысын тиімді қолдау үшін өкілетті орган - Ақпарат және коммуникация министрлігін құруды тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.

Мақала соңында «Айқын» басылымы Қазақстанның танымал сарапшылары мен қоғам қайраткерлерінің аталған мораторийге, жалпы жер мәселесіне қатысты пікірлерін берген.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы да бұл мәселеге көлемді мақала арнап отыр. Қазақстан Президенті Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды, деп жазады еліміздің бас басылымы «Ел Президенті Жер кодексіне түзетулерге мораторий жариялады» атты мақаласында.

- Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек. Егер талқылаудан кейін Парламент ортақ шешімге келетін болса, мораторий алып тасталады, ал егер олай болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз. Бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін түсіндіру қажет. Сондай-ақ, Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырамын. Комиссия барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартуы тиіс. Резонанс тудырған ережені кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру керек. «Нұр Отан» партиясына демократиялық күштер коалициясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұған барлық партиялар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы тиіс. Түсіндіру жұмыстарына Үкімет пен Парламенттің қос палатасының депутаттары белсене қатысады деп үміттенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалықтар, 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық бар екеніне тоқталды.

- Олар күн ұзаққа алқапта, фермада, жайлауда еңбек етеді, сіздердің жаңалықтарыңызды күтіп, теледидар алдында отырмайды. Бірақ сіздер өз ұсыныстарыңызды әзірлеу барысында министрліктен шықпай отырып, бәрін өз араларыңызда шешесіздер. Кімнен жасырынасыздар? Сонда біздің заңдарымыз кім үшін жазылған? Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің де бірінің ресми сайтында жер реформасы жөнінде қолжетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ. Ал мұның барлығы халықтың игілігі үшін, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жасалып жатыр ғой, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексі жөніндегі жұмысқа жауапты екі мемлекеттік органның - Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өз міндетін тиісінше атқара алмағанына назар аударды.

- Бұл министрліктердің жұмысы нашар дей алмаймын. Бірақ өздерінің ұстанымы елдің бәріне ұғынықты болып, дұрыс қабылдануы үшін түсіндіру жұмыстарымен айналысқан жоқ.

Қазақстан Президенті Ұлттық экономика министрі Е.Досаевтың қызметінде жіберілген кемшіліктерге байланысты отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің қызметіне сәйкестігі толық деңгейде емес екенін жария етті. Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевты қызметінен босатуды, Ұлттық экономика министрлігінің салалық комитетінің басшы қызметкерлері мен басқа да жауапты адамдардың қызметіне сәйкестігі туралы мәселені қарауды тапсырды. Сондай-ақ, Үкіметке жер қатынастарын реттеу бағытындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөнінде тапсырылды.

***

Бір ай бұрын Қазақстанның әскери бөлімшелерінің бірінде оқу-жаттығу барысында офицер қатардағы жауынгерді кеудесімен жауып, гранатадан аман алып қалды. Гранатаны кеудесімен жапқан сақшы туралы «Айқын» басылымы көлемді мақала арнап отыр.

«Осыдан бір ай бұрын Қарағанды облысы, Қарабас кентіндегі №6505 әскери бөлімшесінде бейбіт аспан астында граната жарылып, жауынгер жараланды», - деп жазады басылым. - Әскери жаттығу кезінде қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұловтың РГД-5 гранатасын нысанаға дұрыс лақтырмауы салдарынан оқыс оқиға болған-ды. ҚР Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімі командирінің орынбасары Қайрат Үмбетов тәжірибесіз жауынгерді өлімнен құтқарып қалды. Осы әрекеті үшін қарағандылық офицер мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Оқу-жаттығу кезінде ұрыс гранатасын қолына алғаш ұстаған сарбаз А.Сұлтанқұлов сасқалақтап, отты қаруды көздеген нысанаға емес, окоптың жиегіне лақтырғанын аңғармай қалады. Граната домалап барып сарбаздың аяқ астына түскенін көрген полковник Қ.Үмбетов шалт қимылдап, оны итеріп жіберіп, жарылғышты денесімен жауып құлайды. Сарбазды құтқарамын деп өз өмірін құрбандыққа салған офицер жарылыстың салдары қандай болатынын ойлап жатпады», - делінген «Гранатаны кеудесімен жапқан сақшы» атты мақалада.

«Өзімді батырмын деп санамаймын. Менің істегенім - кез келген офицердің міндеті» дейді ол.

Бүгінде сарбаз да, офицер де әскери қызметке қайтып оралған. Ел сенімін ақтайтын осындай батыр ұлдар Отан күзетінде тұрғанда, бейбіт күннің тыныштығына алаңдамауға болады.

- Бұл кәдімгі жаттығу болатын. Әркімнің де басында болатын жағдай. Сарбаз барлығын дұрыс жасады. Ол әу баста оқу гранатасымен жаттыққан, ал қолға ұрыс гранатасын алғанда мүлде басқа сезім пайда болады. Сол себепті сарбазды кіналауға болмайды, - дейді полковник.

***

«Орға жығатын «оңай олжа» атты материалда «Егемен Қазақстан» басылымы «букмекерлік кеңселердің қызметіне бақылау жасалып, шектеу қойыла ма?» деген сауалдың төңірегінде ой өрбітеді.

«Қазіргі таңда осы қамбадан кәнігі спортшымен қатар қарапайым жанкүйер де өз үлесін алып жүр. Олар - алаңға шыққан спортшының әр адымынан ақша сауып отырған бәс тігушілер. Яғни, букмекерлер. Бұл сөз осыдан 10-15 жыл бұрын қазаққа таңсық еді. Ал бүгінде бәс тігіп, бәсекені қыздырып жүргендер өз арамызда да жетіп артылады. Ендеше, біреулерге қосымша табыс болған осы бір кәсіптің қыр-сырына үңіліп көрейік», - деп жазады газет.

«Осы мақаланы дайындау барысында бәс тігудің қыр-сырына қанығу үшін елордамыздағы кейбір букмекерлік кеңселерге бас сұққан едік. Бәс тігіп байығысы келгендердің дені жастар екенін байқадық. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі студенттер. Олардың өзара әңгімелерінен бұл әрекеттерін туған-туыстары білмейтінін ұқтық. Яғни, аузынан жырып берген ақшасын баласы бәске тігіп жүргенінен ауылдағы ата-ана бейхабар.

Осы ретте ерекше ескеретін жайт, бәс қабылдайтын кеңселер студенттік жатақханалар мен оқу орындарының маңында өте көп шоғырланған. Мұны жай ескеріп қана қоймай, дабыл қағарлық жайт десек те, артық емес. Себебі, бәс тігу үшін кейбір студенттер ұялы телефон, ноутбук сынды бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, құмарлыққа салынып үлгерген», - делінеді аталған мақалада.

Негізі, былтыр букмекерлік кеңселерге заңмен тыйым салынбаса да шектеу қойылатынын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқан болатын. Министр Парламентке «Ойын бизнесі туралы» заң жобасын таныстырған сәтте: «Қазір букмекерлік кеңселер кез келген жерде ашылып жатыр. Соған орай біз заң аясында оларды жеке ғимараттарда орналастыруды ұсынып отырмыз. Яғни, бәс қабылдайтын орындар білім нысандарының немесе жатақханалардың жанынан емес, арнайы ғимараттарда ашылуы керек», - деген еді. Әзірге бұл бастама жүзеге асатын емес.

***

Жердегі ірі жанартаулардың белсенділігі артып келеді. Қазақстанға бұл тікелей әсер етуі екіталай, алайда біздің елде басқа да проблемалар пайда болуы ықтимал, деп жазады «Экспресс К».

Екі ай бұрын АҚШ-тағы Йеллоустон супержанартаудың сейсмикалық датчиктерін көруге тыйым салынды. Ол әлемде ең қауіпті вулкан болып есептеледі және оның қайта оянып келе жатқандығын көптеген белгілер көрсетуде. Сонымен қатар Еуразия құрлығында ең ірі жанартау да өзінің белсенділігін танытып келеді.

Газеттің жазуынша, ең жақын жанартаулар Каспий маңында, Бакуден Красноводскіге дейін созылып жатыр, алайда олар қазіргі уақытта «ұйқыда», сондықтан Қазақстанға еш қауіп жоқ.

Дегенмен Қазақстанның кейбір аумақтарында сейсмикалық белсенділік сезіліп отыр. Бұл мәселе енді қазақстандықтар үшін алаңдаушылық туғызуы керек. Бірқатар белгілер бойынша, солтүстік Тянь-Шанның «оянып» келе жатқандығын болжауға болады. Жүз жыл бұрын бұл аудандарда Рихтер бағанасы бойынша магнитудасы 8 балдық жер сілкіністері болған.

Бұл туралы толығырақ, «Ну что, встряхнемся?» атты материалдан оқуға болады.