Президент жыл соңында ресми сапармен Жапонияға баруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл соңында Жапонияға ресми сапарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті.

— Ең алдымен, шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келген қадірлі әріптесім, Жапонияның Сыртқы істер министрі Такеши Ивая мырзаға ризашылығымды білдіремін. Қазіргі геосаяси жағдайда сапарыңызды екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жолындағы орайлы іс-шара деп қабылдаймыз. Биыл Токиодағы кездесуден кейін қысқа мерзімде сізбен қайта кездесіп отырмыз. Кездесу барысында күн тәртібіндегі мәселелерді талқыладық, — деді Мұрат Нұртілеу БАҚ алдында мәлімдеме жасап.

Сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше, екіжақты келіссөз мазмұнды әрі жемісті өтті.

— Жапония Азия аумағындағы сенімді стратегиялық серіктес ел екенін Жапония делегациясына шегелеп айттым. Болашақта біздің өзара комплиментарлы мүмкіндігімізді біріктіретін болсақ, сауданың өсетініне күмән жоқ. Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда айналымы 2,5 млрд долларға таяп қалды. Жыл аяғына қарай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапарын ұйымдастыру мәселесін жан-жақты талқыладық, — дейді ведомство басшысы.

Бүгін Астанаға алғаш ресми сапармен Жапония Сыртқы істер министрі Такеши Ивая келді.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Конго президентінің арнаулы өкілі Патрик Мпойи Луабеяны қабылдады.