Президент жүргізіп отырған идеяларды белсенді іске асыруымыз керек – профессор Бауыржан Жүнісов

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Бауыржан Жүнісов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына жолдаған Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында экономикалық өсудің тұрақты қарқынын дәйекті жаңғырту және қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше тоқталды. Президент макроэкономикалық саясатты қайта қарау қажеттігін атап өтіп, экономиканың түрлі секторларындағы реформаларды табысты іске асыру макроэкономикалық тұрақтылыққа байланысты екенін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы «жасанды интеллект» технологиялары мен осы салаға инвестиция таратудың маңыздылығын, осы салада білікті мамандар даярлау керектігін айтты. Сонымен қатар медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологияларды қамтитын шығармашылық индустрияны дамыту қажеттігін, оның қазіргі уақытта азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген «креативті өндіріс» салаларын дамытуда және жұмыс орындарын құруда маңызды рөл атқаратынына, Қазақстанның әлемнің қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттерінің қатарына кіруіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысының Жолдауы осыған дейін қабылданған стратегиялық бағытты жалғастыруға және экономикалық өсудің тұрақты қарқынын қамтамасыз етуге, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шараларды атап өтті.

Мысалы, 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті, дәрігерлердің жалақысы да көтерілді.
«Жайлы мектеп» жобасы 400-ге жуық жаңа мектеп салуды көздейді, ал ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынуда, сондай-ақ, жаңа жылдан бастап балалардың шоттарына қаражат түсуін көздейтін «Ұлттық қор — балаларға» жобасын іске асыру басталады. Президент бұл қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың бір бөлігі ғана екенін және үлкен жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы қаржы, фискалдық және ақша-несие саясатының келісілген жұмысының маңыздылығына ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар инвестициялардың жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдіріп, оның тапшылығы экономикалық өсуге тежеу салатынын айтты.

«Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары қоғамымыздың өркендеуі мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа міндеттер жүктейді. Біз Президент жүргізіп отырған идеяларды белсенді түрде іске асырушы болуға тиіспіз»,-дейді профессор.

Ал Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйкентаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерге қатысты былай дейді:

— Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрушылармыз. Біз үлкен өзгеріс алдындамыз. Бұл жолдағы бізге жүктелген міндеттің салмағы ауыр, жауапкершілігі зор. Оны мен Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жан дүниеммен сезініп, өзімше ой қорыттым.

Нағыз дамыған ел боламыз десек, тек саяси реформалармен шектеліп қалуға болмайтыны белгілі. Сондықтан Президент елдегі саяси өзгерісті әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыратындығымызды атап өтті»,-деді мәслихат төрағасы.

«Біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтеміз. Алдағы жолда қиындық та, кедергі де көп. Бірақ одан қорқып, бағдарымызды өзгертпейміз, ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдаған жолымыздан таймаймыз», — деген Президент қазақстандықтарды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырды. «Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз», — деді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өтті,-деді Гүлқасима Сүйкентаева.

Оныі сөзіне қарағанда, ең төменгі еңбекақы көлемі өсті. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор — балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды.
Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

«Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады» деді Мемлекет басшысы. Президенттің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімі, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заң қарызға батқандар мәселесін біршама реттеді. Ахуалды біржола түзеуге қажет жүйелі шара ретінде аз уақытта өзінің тиімділігін көрсеткен Amanat партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өтті. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам өзінің қаржылық сауатын ашты. Олардың көпшілігі — 10 және одан да көп несие алған адамдар. Президент «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деп, Үкіметке Amanat партиясымен бірлесіп бұл жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Еліміз бойынша кейбір салық түрлерін (оның ішінде қосымша құн салығы да бар) жергілікті бюджетке беретін болғаны жолдаудағы аймақтар үшін жақсы жаңалық болды. Бұл республикадан бөлінетін мақсатты трансферт көлемін 50 пайыздан 25 пайызға азайтады.

«Біз Президент Жолдауында көрсетілген бағдардан ауытқымай, оң өзгерістерге бастайтын нақты тапсырмаларды орындауға дайынбыз. Тек алға ұмтыла берейік»,-деді мәслихат төрағасы.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты бұл Жолдау үлкен тарихи маңызға ие. Жолдаудың негізгі мазмұны экономикалық, әлеуметтік, білім, тәрбие, ғылым, экология, демографиялық, өнеркәсіп т.б. мәселелерді шешу бағытын құрайды»,-дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Абай Дүйсенбаев.

Президент дүниежүзіндегі ахуалды талдай келе: «Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек», – деді.

Сонымен қатар, ол халықтың арасында проблемаға айналған атом электр станциясы туралы да айтылады. Ол туралы: «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын», – деді Президент.

Демек, елдің проблемасы сын сағатында тұрғанда халықпен ақылдасып, «Жеті өлшеп, бір кес» демекші, елдің мүддесін жоғары қойып, шешу жолын ұсынуы шынай демократиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие деп білеміз.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде тараған және қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған жасөспірімдерге зорлық-зомбылық жайы үлкен проблемаға айналды. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту қажеттігін, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек екенін баса айтты. Сонымен қатар: «ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн»,- деді ол.

Яғни, балалардың қаупсіздігін жалпы ұлттық деңгейде қолға алуды ұсынды. Жолдаудағы білім саласына қажетті ең маңызды мәселе «сапалы білім» беру туралы, интернеттің жылдамдығы мен мұғалім кадрлардың біліктілігі де назарға алынды, яғни: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа» деді.

Қазіргі кезде әлемде өркениетті елдердің даму көрсеткіші ІТ саласындағы жетістіктерімен көш ілгеріліп бара жатқандығы да Жолдауда негізге алынды.
Президентіміз ұрпақ тәрбиесіне қажетті, маңызды ұлттық тәрбиеге мән беру керектігі туралы: «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды» деп, елдің әрбір азаматының патриоттық сезімін нығайтып, адал болуын меңзейді деді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар айтылды. Еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға тың мүмкіндіктер жасалмақ. Бұл Жолдауда-еңбек қауіпсіздігіне нақты көңіл бөлінді»,-дейді Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.


Оның сөзінше, өндірістік жарақат алудың жиілеуі өткір мәселе болып тұр.Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.

Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді, деп атап өтті өз Жолдауында ҚР Президенті Қ. Тоқаев.

Бұл мәселені, яғни ауыр, зиянды өндірістегі жұмысшылардың зейнет жасы мен өндірістегі қауіпсіздік мәселелерін ҚР Кәсіподақтар Федерациясы, оның ішінде Ақтөбе облысында кәсіподақтар орталығы да үнемі басты назарда ұстап отыр. Біз тау-кен мен химия салаларында еңбек етіп жатқан шахтерлар, кеншілер, мұнайшылармен кездескенде олар осы мәселені ұдайы көтереді. Сондықтан, біздер, кәсіподақ өкілдері үшін бұл мәселенің оң шешімін тапқаны, яғни 55 жастан бастап ауыр өндірістегі жұмысшыларға арнаулы әлеуметтік төлем төленетіні өте орынды деп санаймыз.

Сонымен қатар Жолдауда 2030 жылға дейін Қауіпсіз Еңбек тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл жобаға кәсіподақтардың өкілдері де белсенді атсалысады. Және ең бір қуантарлығы - ең төменгі жалақы мөлшерінің тағы да артуы. Яғни, ең төменгі жалақы мөлшері 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңге болады. Бұл-кәсіподақтардың бастамасымен кезінде қолға алынған бастама.

Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Бұл – Кәсіподақтардың кезінде көтерген бастамаларының нақты жемісі деп ойлаймыз»,-деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әдеттегідей еліміздің экономикалық дамуы, халықтың әлеуметтік жағдайын күшейту мәселелерімен қатар, білім саласын дамыту мәселесіне де тоқталды»,-дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.

Оның пікірінше, Жолдауда Президент ІТ саласын дамыту бойынша жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалану білім экономикасына тың серпін беретінін атап өтті. Бұл орайда Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университеті жанында академиялық артықшылық орталықтарының ашылуы жоспарланып отыр. Соның шеңберінде 6 зертхана өз жұмысын бастайды, олардың ішінде мәліметтерді өңдеу және нейрондық желілер лабораториясы бар. Осы жобаны жүзеге асыру барысында жасанды интеллект әдістері, нейротехнологиялар және бизнес аналитика саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізілетін болады және оларды әртүрлі салаларда қолдану жоспарланып отыр. Сондай-ақ күрделі жүйелерді экономика, қаржы салаларында есептерді шешуге қолдану, мәліметтерді интеллектуалды өңдеу технологиялары көмегімен шешімдер қабылдау негізгі дамытылатын құзыреттіліктер қатарында болмақ. Машиналық оқытуға негізделген IT сервистерді жасақтау да жоспарда бар.

Алдағы уақытта оқу орнындағы лаборатория жанында елімізге жасанды интеллект саласында әлеуетті кадрлар даярланатын болады, әріптестеріміз академиялық артықшылық орталықтары жобасы шеңберінде нейрондық желілер және жасанды интеллект бойынша білімдерін алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарында жетілдіреді.

«Жолдауда айтылған техникалық мамандар жетіспеушілігі мәселесі де біздің өңір үшін өте өзекті. Биыл университетіміздің базасында ашылған Heriot-Watt техникалық университетінің филиалына техникалық бағыттағы үш білім беру бағдарламасы бойынша 300 студент қабылдадық. Оның ішінде «компьютерлік инженерия» мамандығы бойынша талапкерлер тарапынан қызығушылық басым болып, 157 студент оқуға түсті. Аймақтағы серіктес «Ақтөберентген», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Қазақойл Ақтөбе» компаниялары тағы басқа ірі өнеркәсіптер түлектерімізді жұмысқа қабылдауға дайын»,-деді ректор.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың психикалық саулығы өте маңызды екенін, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет екенін де атап өтті.

Студенттерді әркез әлеуметтік және психологиялық қолдау — біздің университеттің басым бағыттарының бірі. Бұл ретте университетте психолог мамандарды даярлайтын кафедрамен қатар, «Денсаулық және салауаттылық» орталығы жұмыс істейді. Орталықтың арнайы психолог-мамандары жастарға жеке қабылдаулар, тренингтер өткізіп тұрады.

«Жолдаудағы отандық білім беру сапасын арттыруға бағытталған мәселелер білім беру жүйесінің еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек екенін айқындайды. Біз бұл ретте ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз».-дед ол.


Соңғы жаңалықтар