Президентке ұнаған режиссер шенеуніктердің қырына ілікті - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 қаңтар, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Әлемдегі озық интеграциялық құрылым болып табылатын Еуропа одағының болашағы бұрынғыдан да бұлыңғырлана түскен сияқты. Еуроодақтың негізі болып саналатын еуроаймақтың күні санаулы екенін сарапшылар соңғы жылдары күн тәртібіне жиі шығарып жүр. Өткен жылдың соңында бұл мәселе тіпті шиеленісіп кетті. Еуроаймақтың ертеңі сенімсіз бола бастағанын тіпті Еурокомиссияның өзі мойындады. Өткен жылдың соңында жарияланған Еурокомиссияның болжамдарында 2013 жылы Грекия, Испания, Италия, Кипр, Португалия және Словения мемлекеттері рецессияға ұшырайтындығы, солтүстік және оңтүстік Еуропа елдері арасындағы қарама-қайшылық бұрынғыдан да тереңдей түсетіндігі атап көрсетілді. Еурокомиссия болжамында еуроаймақтағы жұмыссыздық 2012 жылғы 11,3 пайыздың орнына 11,8 пайызға дейін өсетіндігі де айтылған», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Еуроаймақ болашағы тағы бұлыңғырланды» деген мақалада.
Журналистің жазуынша, кәрі құрлық елдерінің экономикасын тұралатқан қарыз дағдарысы биылғы жылы одан әрі қалыңдай түседі. Еурокомиссия болжамы бойынша, еуроаймақтың мемлекеттік қарызы бүгінгі ІЖӨ-нің 88,8 пайызының орнына 2014 жылы ІЖӨ-нің 94,3 пайызына дейін көтерілетін болады. Бұл келеңсіз көрсеткіш бойынша Грекия көш бастайды. Оның қарызы 2012 жылғы ІЖӨ-нің 176,7 пайызының орнына 2013-2014 жылдары ІЖӨ-нің 188 пайызын құрайды. Екінші орын Италияның үлесіне тиеді. Бұл елдің мемлекеттік қарызы 2012 жылы ІЖӨ-нің 126,5 пайызын құраған. 2013 жылы Португалия және Ирландияның мемлекеттік қарыздары да ІЖӨ деңгейінен асып-жығылады.
Газеттің «Тарих толқынында» деген бетінде Сібірді Ресей патшалығының жаулап алу тарихы егжей-тегжейлі жазылған. Мақала «Сілкінген Сібір, Бұлқынған Дала» деген тақырыппен беріліп отыр.
«Сібірді мекендеген, түрлі атаға бөлінген елдің Көшім ханға тұтас бағынбауы, князьдіктерге бөлініп, әрқайсысы дербес саясат ұстануы Ермакты жеңістен жеңіске жеткізеді. Мамыр айында Тұра өзенін ұзыннан жайлаған Қошқар, Бәрібар, Майтамбас иеліктерін талап, тонайды. Маусымда Қайыңды, Қарауыл, Бабасан атырабында жортып, Қарашың қалашығын бағындырады. Қыркүйекте Ертіске өтіп, Атық қаласына жайғасады. Қазан айында Көшіммен және оның жиені Мәметқұлмен Шуваш мүйісінде бетпе-бет шайқасып, қиянкесті ұрыста үстем болады.
1581 жылдың желтоқсанынан бастап бүкіл Сібір мен Ертіс, Тобыл, Есіл бойын үрей жайлап алды. Ермак қарақшыларының күштілігі мен қатыгездігі жайлы дақпырт ұлан даланы кезіп кетті. Көшімнің қашқынға айналғаны туралы суық сөз де елді одан әрі дүрліктірді. Дәл осындай тайғанақ жағдайдағы жұрттың біріне-бірі жалғасқан жеңістерден соң әбден желігіп алған қарақшыларға қарсы тұрар қауқары қалмағандай еді», - деп жазады зерттеу мақаланың авторы Алдан Смайыл.
Осыдан кейін Ермактың өзі жаулап алған өңірлерді қан-қақсатып, жасаған озбырлықтарын тізбектей келе: «Ермактың осы сойқандары туралы тарихи деректерді қарап отырып, оған жеңістің оңай келгеніне қайран қаласың. Сол тұста Сібірді мекендеген елдің осыншалық қауқарсыздығы қажытады. Казак қарақшылары соғысып емес, ұлан өлкеде емін-еркін қыдырып жүргендей. Сірә осы ғасыр Сібір мен одан тысқары аумақтағы түркітілдес жұрттың арасындағы байланыс барынша әлсіреп, елдік нышан солғын тартқан сорлы ғасыр болғандай. Анығында бұл кезең Ресей отарлауының басталған тұсы болатын. Біздің тарихымыздың тас диірмені кері айналған шақ еді», - деген ой түйеді автор.
Мақаланың жалғасы газеттің келесі санында жарық көреді.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Президентке ұнаған режиссер шенеуніктердің қырына ілікті» деген тақырыппен проблемалық мақала беріліп отыр. Мәселенің мәнісі, Шымкенттегі Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Халық артисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерғали Оразымбетовті шымкенттік шенеуніктер жұмысынан шығарып тастаған. Осыған наразы болған аталмыш театрдың бір топ әртістері «Айқын» газетінің редакциясына келіп шағымданыпты.
«Осылайша, соңғы үш театр фестивалінде «Ең үздік режиссер» деген атаққа ие болған Ерғали Оразымбетов жұмыссыздардың қатарына қосылды», - деп жазады газет.
Осы жайтты естіген Асанәлі Әшімов бастаған еліміздің бір топ мәдениет қайраткерлері облыс әкімі Асқар Мырзахметовке хат жолдап, бұл жағдайдың әділетсіздік екенін айтқан. «Халық артисі» деген атақты Е. Оразымбетовке біз берген жоқпыз, оны Президент берген. Оның есімі бүкіл еліміздің театр қайраткерлері арасында құрметпен аталады», - дейді олар.
Аталмыш басылымда «Семей полигонының астындағы құбыжық» деген тақырыппен мақала беріліпті. «...өткен ғасырдың 90-жылдарының соңына қарай Семей полигонын ғарыш серігі арқылы түсірген суретте сыры жұмбақ белгілер табылған. Ғалымдар таңғалғанын жасыра алмаса керек. Өйткені суретте полигон астында белгісіз аса ірі жәндіктің қозғалып жүргені байқалған. Бұл не? Көктен түсірілген жүздеген суреттерді салыстыра отырып, ғалымдар қозғалыстағы белгісіз дүниенің алып айдаһарға келетінін аңғарды. Ғалымдарды қызықтырғаны - ұзындығы бірнеше шақырымға жететін алып жәндіктің біресе оңға, біресе солға жиі қозғалып тұруы. Бірақ әлемде ондай ірі айдаһардың болуы мүмкін бе?», - деп жазады газет.