«Президентпен байланыс орталығы ашылды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 31-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 31-і,  сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысында экономиканы модернизацияландыру бойынша үкіметтік комиссияның көшпелі мәжілісін өткізді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Мықтылықтың өзегі - өндірісте» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда «Мәселен, фармацевтика саласында жуық жылдарда үлкен жақсы жаңа­лық­тар болады. Елба­сымыз 2014 жылға дейін еліміз­дегі дәрі-дәр­мектің елу пайызын өз Отаны­мызда дайындауды «Нұр Отан» ХДП-ның XІІ сьезінде Үкімет алдына мәселе етіп қой­ған. Осыған орай медицина сала­сына маманданған зауыттар ая­сын ке­ңейту басталып кетті. Бү­гінгі таңда «Химфарм» АҚ отандық өндірушілердің арасында көш­басшы. Қазақстанда өндірі­ле­тін фармацевтикалық өнімнің жал­пы көлемінің 65 пайызын алып отырған «Химфарм» АҚ енді Шымкент пен Алматыда жаңа 2 зауыт салады. Ал, «Ромат» ком­­па­ниясы Павлодар мен Се­мей­де үш цехты іске қосса, «Глобл­­фарм» Алматы облысында жаңа зауытты, ал «Нобел» мен «Фитохимия» компаниялары үш кезектік жаңа желілерді іске қоспақ», делінген.

Осы басылымның «Парламент» атты арнаулы бетінде Мәжіліс депутаты Берік Бекжановтың  «Сезікті бұрын секіреді» атты мақаласы жарық көрді. «Дегенмен де, бүгінде елімізде халық денсаулығына кері әсерін тигізетін «шөптік микстер» саты­луда. Еркін сатылып жатқан өсім­дік қоспалары немесе түсінікті тіл­мен айтсақ, шөптік «микстердің» әсе­рі анашамен бірдей. Құрамында есірткі қатарына жататын заттар болғандықтан, жуырда ғана Ресей шөптік «микстерді» сатуға тыйым сал­­ған болатын. Себебі, шөптік қос­палардың құрамында табылған зат­тар марихуана мен анашаның не­гізгі құрамдас бөлігі болып табы­ла­ды. Енді Голландияда өндірілетін бұл қоспа солтүстіктегі көршімізді айналып өтіп, Қазақстанға тасы­мал­дануда. Әзірге «шөптік микс­тер­ге» біздің елде тыйым салынбаған», дейді депутат.

«Жалпы, мемлекеттік орган­дар­дағы қазақ тілінің жағдайы сол ведомстводағы мемлекеттік тіл құры­­лымының жұмысына тікелей байланысты. Алайда, мемлекеттік органдардың барлығының 2010 жылдан кешікпей мемлекеттік тілге көшуіне орай, «мемлекеттік тіл құры­лымдарының қажеті шамалы, әскери салада олар қосалқы санат­тағы қызмет» деген сықылды пікір­­лер де қылаң беріп жүр. Сон­дай пікірлердің кесірінен және дағ­дарыс салдары деген сылтаумен 2008 жылы Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштерінің өзінде мем­ле­кеттік тілді дамыту тәрізді мем­ле­кеттік маңызды қызметтің тең жар­тысы қысқарып кетті», дейді Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшылығы мемлекет­тік тілді дамыту бөлімінің бастығы Серік Бәкір. Қорғаныс министрлігіндегі қазақ тілінің жай-күйін білгіңіз келсе «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген «Аудармашыға ғана иек артпайық» атты мақаланы оқыңыз.

**

Қарашаның 13-і күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының өздерін толғандырған сауалдарына жауап береді. Осыған орай кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президентке жолданатын сауалдарды қабылдайтын арнайы байланыс орталығы ашылып, жұмысын бастаған болатын. «Айқын» басылымының жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев сол күні «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» және «Қазақ радиосы», «Астана қалалық радиосы» бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телеэфир, телефон, интернет хабарламалары арқылы түскен  сұрақтарына жауап береді.  Шағын мақала басылымның сенбілік санында «Президентпен байланыс орталығы ашылды» деген тақырыппен берілген.

Осы жайт «Егемен Қазақстан», «Комсомольская правда», «Экспресс К» газеттерінің назарынан да тыс қалмаған.

«Ендеше, «бюджетте ақша жоқ» деген сылтаудан арылып, қайткен күнде де жалақы өсімін қаңтардың 1-інен бастауымыз керек. Бұл жалақысы өсетін мұғалімдер мен дәрігерлер немесе шенеуніктер үшін қажет емес, түптеп келгенде мемлекет үшін қажет. Егер осы мемлекеттік қажеттілікті дер кезінде дұрыс түсіне алмасақ, басқаны былай қойғанда, қарапайым халқымыздың кеден одағы секілді әдемі ісіміздің өзіне күмәнмен, күдікпен, тіпті жеккөрушілікпен қарауы мүмкін», деп жазады «Айқын» басылымы. Бұл мәселе осы газетте «Кедендік одақ күйретіп кетпесін десек, Елбасымыздың жалақы өсімі жөніндегі тапсырмасын дер кезінде орындау қажет» деген  мақаламен берілген. Жазылған жайт төңірегінде егжей-тегжейлі басылымның бүгінгі санынан біле аласыз.

«Айқын» басылымының «Ақ сөйле!» атты тұрақты айдарының қонағы - С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ фармацевтика факультетінің деканы Келесбек Абдуллин. Айдар қонағы басылымның еліміздегі дәрі-дәрмек саласына қатысты бірқатар сауалдарына нақты жауап берген. Сұхбат барысында К.Абдуллин «екінші бір көзге жылы ұшырағаны - фармацевтика саласында жаңа бір лауазым пайда болып отыр. Ол - фармацевтика саласының бас мемлекеттік инспекторы. Бұған дейін инспектор лауазымы бір санитария саласында ғана бар болатын. Бұл лауазымның берері сол - министрлікте бүкіл фармацевтика саласына жауап беретін бір тұлға қызмет етеді. Оның жауапкершілік жүгі, әрине, өте ауыр, бірақ сонымен бірге құзыры да үлкен. Соған сай фармацевтика саласының  түйіні тарқатылмай жүрген көп мәселесі ендігі уақытта шешілетін болады деген үміттеміз», депті. Екеуара әңгіме «Отандық дәрі өндірушілерге салық жөнінен жеңілдіктер қажет» деген тақырыппен берілген.

***

Бейсенбі күні Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ингушетия президенті Юнусбек Евкуров елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен жүздесті. Бұл жайында «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген «Қызуқанды тау халқы ынтымақтасуға пейіл» атты мақалада жазылған. Жарияланымда Ингушетия президентінің «Біз жұмыс сапарымыз барысында осындағы ингуш бауырларымызбен жүздестік. Қандастарымыздың тіршілігі  көңілімізді марқайтты. Олар қазақ халқының жақсылығын көп айтты. Қазақстанды жүректеріне ұялатқаны көрініп тұр. Басында «Отаным, Отаным» деп тұрғанда «қай ел туралы айтып тұр, Ингушетияны ма?» деп ойлап қалдым. Кезінде тағдырдың талайымен Қазақстанға келген ингуштерді жатырқамай, бауырына тартып, пана болған қазақ халқына дән ризамыз», деген сөзі келтірілген.

Ингушетия президентінің Астана қаласы әкімімен жүздесуі жайындағы көлемді мақала «Вечерняя Астана» газетінде де бар.

Еуропа халықтары арасында жүргізілген дәрігерлік зерттеу нәтижесінде 10 жылдан артық ұялы телефон ұстаған жандарда мидың қатерлі  ісігі жиі кездесетіндігі белгілі болып отыр. Осыған орай «Астана ақшамы» басылымы телефоннан төнер қауіп қандай деген сауалды білікті мамандарға қойған. Еліміздің мамандарының пікірін осы басылымның сенбілік санынан толығымен оқи аласыз.

***

«Интернетке 40 жыл», деп жазады «Экспресс К» газеті. Бір-бірінен қашық орналасқан компьютерлер арасындағы желілік байланыс алғаш рет 1969 жылы қазанның 29-ында орнатылған болатын. Қазіргі интернеттің бастапқы әскери желісі  Arpanet («internetting»- «желіаралық» сөзі тек 1977 жылы ғана пайда болған)  арқылы байланыс жасалған болатын.

«Экспресс К» газетінің жазуынша, Қазақстан мен Ресей өзара транзиттік жүк тасымал бойынша бір-біріне оңтайлы тарифтік жағдай жасауға дайындалуда. Қазақстанның астанасына сапарлап келген Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Игорь Сечин Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, оның бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевпен жүздесіп, бірқатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыға салған. Мақалада «Қазақстан темір жолымен Ресей жүктерін және Ресей темір жолымен Қазақстанның жүктерін тасымалдауда оңтайлы тарифтік жағдай ұсыну туралы әңгіме болды», деген Ө.Шөкеевтің сөзі келтірілген. 

«Время» газетінің жазуынша, кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова регресшілердің мәселелерін шешу үшін жұмыс сапарымен Қарағанды және Теміртау қалаларында болған.  

Соңғы жаңалықтар