Президентті әлем көшбасшылары Құрбан айт мерекесімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ақорда
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Құрбан айт тарихы мен тілі, діні мен дәстүрі ортақ халықтар арасындағы бауырластықты одан әрі нығайта түсетінін атап өткен.

– Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Құрбан айтты рухани тазарудың, қайырымдылық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде сипаттаған.

– Бұл қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын достығымызды, бауырластығымызды, халықтарымыз арасындағы өзара құрметті арттыра беретініне сенімім мол, – деп жазылған құттықтауда.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон аталған мерекенің елдер арасында достықты, тиімді ынтымақтастық пен түсіністікті нығайтудағы маңызына тоқталған.

– Қастерлі мейрам ғасырлар бойы халықтарымызды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келеді, – деп жазылған Тәжікстан Президентінің құттықтауында.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов сенім мен жанашырлық салтанат құратын қастерлі мереке күллі мұсылман үмбетін біріктіретінін жазған.

– Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ, – делінген жеделхатта.

Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Кувейттің Тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабах, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахунд, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және тағы басқалар жолдады.

Құттықтау хаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтаған еді.