Президенттен сыйақы алған оқушы әлемнің №1 университетіне түсті

АСТАНА. KAZINFORM - «NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Нұргүл Егенбергенова әлемдік білім беру рейтингінде көш бастап тұрған ең беделді оқу орны - Массачусетс технологиялық институтына (MIT, АҚШ) оқуға қабылданды.

Тоқаев
Фото: Ақорда

«NURORDA» мектеп-лицейі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл - қазақстандық жас зияткерлердің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін айтулы оқиға.

MIT университетіне түсу - әлемдік деңгейдегі ең қиын сынақтардың бірі болып саналады. Мәселен, биылғы оқу жылында 29 мыңнан астам үміткердің ішінен тек 4-5%-ы ғана шақырту алған. Ал шетелдік студенттер үшін іріктеу бұдан да қатаң болып, қабылдану деңгейі небәрі 2%-ды құрады.

Нұргүлдің ерекше академиялық жетістіктері мен интеллектуалдық әлеуетін тек MIT қана емес, сонымен қатар әлемнің топ-100 тізіміне кіретін тағы 5 жетекші университеті мойындап, шақырту жіберген. Олардың қатарында мына оқу орындары бар:

University of British Columbia (UBC, Канада) - №38;

Hong Kong University of Science and Technology (HKUST, Гонконг) - №44;

École Polytechnique (Франция) - №46;

Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST, Оңтүстік Корея) - №53;

University of Warwick (Ұлыбритания) - №74.

Айта кетейік, Нұргүл Егенбергенова бұған дейін де білім мен ғылым саласындағы ерен еңбегі үшін мемлекет деңгейінде жоғары бағаланған болатын. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болып, Мемлекет басшысының қолынан арнайы сыйақы сертификатын иеленген.