Президенттік мәдениет орталығында «Тәуелсіздік жемісі» атты кітаптың тұсаукесері өтеді

АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат - Ертең, 5 қазанда ҚР Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналып жарық көрген,

Президенттік мәдениет орталығында «Тәуелсіздік жемісі» атты кітаптың тұсаукесері өтеді

шетелдік қандастарымыздың тыныс-тіршілігінен хабар беретін «Тәуелсіздік жемісі» атты кітаптың тұсаукесері және соған орай «Әдебиет және ізгілік» клубы ұйымдастырып отырған «Тәуелсіздік жемісі» атты мәдени шара өтеді. Кітаптың құрастырушы авторы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Әдебиет және ізгілік» клубының жетекшісі Мұратхан Шоқан.

Тәуелсіздіктің айтулы жемістерінің бірі - алыс-жақын шетелден келген 1 миллионға жуық қандастарымыздың оралуы болса, кітапта солардың ішіндегі өнер адамдарының, ғалымдар мен кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың қысқаша өмірбаяндары мен елге қосып отырған үлестері баяндалады. Бұл шығарманың басқа кітаптардан өзгеше бір ерекшелігі - кітапқа енген адамдардың өмірбаяндарымен қоса үміт-тілегі, ой-пікірлері, патриоттық сезімдері толықтай қамтылған.

Кітап тұсаукесері ғалымдар мен ақын-жазушылардың, спортшылардың жұртшылықпен жүздесуіне, кітап көрмесі мен кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесіне және өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін салтанатты кешке ұласады.

Мәдени шараға қатысатын тарих ғылымдарының докторлары Зардыхан Қинаят, Нәбижан Мұхаметханұлы мен Бақыт Еженханұлы, медицина ғылымдарының докторы Сейітхан Жошыбаев, опера әншісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Майра Мұхамедқызы, Моңғолия Халық әртісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қабылаш Әбікейұлы, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам сынды өнер-ғылым, спорт майталмандары кеш қонақтарының көзайымына айналмақ.

Іс-шараға Президент Әкімшілігі, ҚР Мәдениет министрлігі, Парламент депутаттары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.