16:08, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Президенттік мәдениет орталығында «Жүрегімде - Отаным» атты этно-жәдігерлер көрмесі ашылды
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Президенттік мәдениет орталығында Баһаргүл Төлегенқызының «Жүрегімде - Отаным» атты этно-жәдігерлер көрмесі ашылды,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Көрменің мақсаты - ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қолөнерін кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімдерін дамыту, танымдық және рухани кемелдігімізді жариялауға қызмет ету», - дейді Б.Төлегенқызы. Оның атап көрсеткеніндей, өзінің 15 жылдың ішінде жинап-терген жеке топтамасында 1 мыңнан астам көне-жәдігерлік бұйымдар бар. Оның 500-ден астамын, атап айтқанда, ХІІ ғасырдан бастау алатын қазақ, Орталық Азия халықтарының көне тұрмыстық бұйымдарын, ат әбзелдерін, аңшылардың қару-жарақтарын, XVIIІ-ХІХ ғасырлардағы батырлардың сауыт-саймандары мен қыз-келіншектердің зергерлік бұйымдары мен әшекейлерін бүгінгі көрмеден қызықтауға болады. Бұған дейін Швеция мен Германияда болған Б.Төлегенқызы ағымдағы жылы қазақтың тарихи жәдігерлерінің құндылығын Лондонда насихаттауды да жоспарлап отыр. Ата-бабаларымыздың бұл асыл қазыналарын алдымен еліміздің әр аймағында тұратын қазақстандықтар тамашалайтын болады. Көрменің ашылуына белгілі қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.