Президенттікке үміткер Н.Назарбаевтың сенім білдірген өкілдері аудандарға шығып, сайлаушылармен кездесулер өткізуде

ОРАЛ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ұйымдастыруымен ҚР Президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірген өкілдері облыс аудандарына шығып, тұрғындармен кездесуде.

Президенттікке үміткер Н.Назарбаевтың сенім білдірген өкілдері аудандарға шығып, сайлаушылармен кездесулер өткізуде

Облыстық штаб мүшесі Төлеген Мерғалиев 15 наурызда Жаңақала ауданы сайлаушыларымен жүздесті. Т.Мерғалиев - осы ауданды он сегіз жыл бойы басқарған өңірге танымал басшы. Осы уақыт ішінде Елбасы тапсырмаларына сәйкес Жаңақала ауданында да көптеген жұмыстар атқарылды. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес жаңа мектеп, ауданаралық сауықтыру орталығы салынып, тұрғын үйлер бой түзеді.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Мақанов, жастар атынан Абзал Құспанғалиев сөз алып, Елбасының ел алдында сіңірген еңбектеріне тоқталды.

Осындай кездесу 16 наурызда Бөкей ордасы ауданында да өткізілді. Мұнда Т.Мерғалиевпен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақтар Хайруллин, еңбек ардагері Чарльз Қойшыбаев, М.Мәметова атындағы орта мектеп мұғалімі, жас маман Динара Сұлтанғалиева мінбеге көтерілді.