Президенттің қазақ тілін жетік білуі - мемлекеттік қызметкерлер үшін үлкен өнеге - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында халқымыздың тұңғыш ұлттық антологиясы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жобасының тұсауы кесілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы құнды еңбекке жазған кіріспе сөзі ел газеті «Егемен Қазақстанның» сенбілік нөмірінде жарық көрді. «Жобада Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның дәстүрлі ән мектептерімен қатар, Қытай мен Моңғолияда тұратын қандастарымыздың шығармашылығының көрініс тапқаны антологияда халқымыздың дәстүрлі ән өнерінің мейлінше мол қамтылғанының белгісі деп білемін. Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бірегей жобасы ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға деп бағалаймын. Жинаққа енген халық әндерін К.Байсейітова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, М.Ержанов, Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова сияқты саңлақ әншілерімізден бастап, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Б.Тілеухан, Р.Стамғазиев және А.Қосанова сияқты кейінгі буын топжарғандарының нақышына келтіре орындауы - жобаның құнын да, маңызын да арттыра түсетіні анық», делінген мемлекет басшысының кіріспе сөзінде.
Осы басылымның жазуынша, кеше ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарниковты қабылдады. Кездесу барысында екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. М.Бочарников Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы С.Мироновтың Қазақстанға алдағы ресми сапары туралы төрағаны хабардар етті. Дипломаттың айтуынша, биылғы желтоқсанның 8-9-ы күндері болатын сапар барысында Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі топтың төртінші отырысын өткізу жоспарланып отыр.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлымен арадағы сұхбат «Президенттің қазақ тілін жетік білуі - мемлекеттік қызметкерлер үшін үлкен өнеге» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берген ол «Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуі намысқа тиетін жағдай. Жалпы тілдік орта бар. Алайда оны дамытуға дәнекер болатын, билік баспалдағына шығаратын шенеуніктер тарапынан қолдау таппауы тілді тұншықтырып отыр. Айталық, соңғы жылдары кейбір танымал биік лауазымды мемлекеттік қызметкерлер теледидардан таза, құнарлы қазақ тілінде сөйлеп, өздері іске асырып отырған іс-шараларын төгілте баяндап, терең мағыналы хабарларға қатысқанына куә болдым. Осындай азаматтар қазақ тілінің қаншалықты әлді, әлеуетті екендігін әлдеқашан дәлелдеп берді. Енді өзгелер соларға ұқсауға, талпынуы тиіс. Әрбір ұлтжанды азамат билікте қызметімен емес, туған тіліне, елінің ұлттық құндылықтарын насихаттауға қаншалықты үлес қосатындығымен, осы мақсат жолындағы жетістігімен қалары даусыз. Сондықтан креслодан бұрын ана тілінің абыройын асқақтату қазақ жастары үшін міндет болуы тиіс», депті.
«Елде «100 аурухана, 100 мектеп» салу жайлы биік мақсаттар қойған министрлердің болашағы беймәлім. Бұрынғы Білім министрі, кейбір деректер бойынша, жаңа қызмет күтсе, елдің бас дәрігерінің денсаулығы түзелген жағдайда сот алдында жауап беруі мүмкін. Қазақстанның әлеуметтік саласындағы ең бір шешуші қызмет атқарған шенеуніктерінің қазіргі өмірі - шым-шытырық», деп жазады «Айқын» газеті сенбілік нөмірінде жарық көрген «Елді елеңдеткен «министрлер хикаясы» Досқалиев пен Түймебаевты не күтіп тұр?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Интернет басылымдарда Досқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың отставкасымен байланыстырушылар табылған. Мәселенің мән-жайын газеттің сенбілік санынан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің сенбілік санындағы «Әке-шешесінің азаматтығы жоқтығына бала кінәлі ме?» деген мақалаға басылым редакциясына 5-ші сыныпқа дейін Алатау ауданына қарасты №41 мектепте білім алып, ал қыркүйек айының ортасынан бастап оқудан шеттетілген Азамат Сапаровтың анасының айтқандары бойынша газет тілшісі жүргізген зерттеумен таныс бола аласыздар. «Өткен оқу жылының соңында Алматы қаласының мектептерінде 486 шетелдік оқушының заңсыз білім алғанын әшкерелеген прокуратура мигранттардың балаларын тиісті құжатсыз оқытқан мектеп директорларын жауапқа тартуды Алматы қалалық білім басқармасынан талап еткен еді. Ал биылғы оқу жылының қыркүйек айының 15-інен бері Алматы қаласының мектептеріндегі ата-аналарының азаматтығы жоқ балалар мектептерден шығарыла бастады», деп жазады басылым.
Осы басылымның нарық бетінде «Атамекен» одағы «экономикалық қылмыстың 27,3 пайызын криминалсыздандырамыз дейді» деген тақырыппен мақала басылды. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін өз мойнына жүк артып, жоба әзірлемекке кіріскен «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасы экономикалық қылмыстарды криминалсыздандырудың бір парасын түгендеп шыққан. «Қазақстан сотталғандар саны жағынан біршама жылдар бойы дүниежүзі елдері арасында алдыңғы үштікті ешкімге бермей келді. Тек 2009 жылы ғана «рақымшылығымыз» көрініп, 17-ші орынға төмендедік. Ал әлі жазасын өтеушілерді ұстап тұруға кететін қаржы да ұшан-теңіз екен. Мәселен, сотталушыларды азайттық деген 2009 жылдың өзінде 21,5 млрд теңге жұмсадық. Бұнымен қоймай, Қазақстанда шығарылатын үкімдердің 70 пайызы бас бостандығынан айыруға қатысты болады екен. Қалған 30 пайызы ғана басқа жаза түрлерін қамтиды. Әріге бармай-ақ осы цифрлардың өзі «тауық ұрлағаны үшін» соттауды доғару керектігін білдірсе керек. Оның орнына тауық ұрлаған адамға «үстіне бір қораз қосып, иесіне қайтарасын» деп үкім кессек ұтамыз. Экономикалық қылмысты криминалсыздандыруды қарапайым тілмен айтсақ - осы», деп жазады басылым.
«Адам тағдырын ойыншыққа айналдыру бұл күнде тіпті оңайға айналғандай. Бұған ҚР Денсаулық сақтау министрі, жоғары білікті хирург Жақсылық Досқалиевтің айналасында болып жатқан түсініксіз жағдай дәлел. Шынын айтсақ, кімге сенерімізді білмей қалдық. Сыбайлас жемқорлықпен күресті қолына қаруы етіп ұстаған қаһарлы Қаржы полициясына ма, әлде адам жанының арашашысы - ақ халатты абзал жандар - дәрігерлерге ме?», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақалада көтерілген мәселе жайында тереңірек оқып білгіңіз келсе, басылымның сенбілік санындағы «Досқалиевтің диагнозы неге өзгере береді?» деген мақаланы жіберіп алмаңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Приднестровье бойынша Кишинев-Одесса бағытындағы теміржол жолаушылар тасымалының қайта іске қосылуына орай ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлімдеме жасады. Қ.Саудабаев мәлімдемесінде «2010 жылдың 1 қазанынан бастап Приднестровье бойынша Кишинев-Одесса теміржол бағытында жолаушылар тасымалының қайта іске қосылғанына ризашылығымды білдіремін. Аталған мәселе бойынша келісімге қол жеткізуде Еуропалық Одақтың қолдауы маңызды ролге ие болды. Халықаралық дәнекерлердің қосқан үлесінің арқасында, приднестровьелік реттеу жөнінде «5+2» форматындағы қатысушылардың өзара жемісті әрекеттері Днестрдің екі жағалауындағы халықтың тұрмыстық, іс жүзіндегі мәселелерін қақтығысқан тараптар арасында диалог орнату арқылы шешуге мүмкіндік берді», делінген.