Президенттің Қазақстанның қаржы жүйесін тұрақтандыру туралы берген тапсырмаларының барлығы орындалды - Премьер-Министр
ыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның қаржы жүйесін тұрақтандыру туралы Үкіметке берген тапсырмаларының барлығы орындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты.
«Жағдайды пайдалана отырып мынаны айтқым келеді: Кеше «БТА» банктің қарызын қайта құрылымдау аяқталды, ол туралы Мемлекет басшысы да ресми түрде мәлімдеді, банктің баспасөз баянында да айтылды. Мемлекет басшысының қиын да күрделі 2009 жылдың басында қойған еліміздің банк жүйесін тұрақтандыру жөніндегі міндеттерінің барлығы орындалды, деді отырыста Үкімет басшысы.
Осы орайда Премьер-Министр Қазақстанның қаржы жүйесін тұрақтандыруда атқарған жұмыстары үшін Қаржылық қадағалау агенттігіне, Ұлттық банкке, «Самұрық-Қазына» қорына, сондай-ақ еліміздегі жүйе құруші банктердің менеджменттеріне ризашылығын білдірді. «Өткен қиын жылдарда, күрделі кезеңдерде біз сыннан сүрінбей өттік. Біздер қиын да күрделі біржарым жылдың ішінде іс жүзінде апта сайын күрделі шешімдерді қабылдадық. Ортақ жауапкершілікті сезіндік. Соның нәтижесінде қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақтандырылды», деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл ретте банк жүйесіне қатысты елімізде жинақталған оң және теріс тәжірибелерді ескере отырып, бұл бағыттағы келешектегі іс-қимылдарды нақты жолға қою керек. Бұл еліміздің экономикасын, түптеп келгенде халқымызды қорғау үшін, олардың бәсекеге қабілетті болуы үшін қажет.
Айта кетейік, осы орайда Үкімет бүгін банктік қызметтің және қаржылық ұйымдарды тәуекелдерді төмендету бөлігіндегі мәселелер бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.