Президенттің мінезі қалай шынықты

Мұнда Мемлекет басшысының достары да серіктестері де көп. Осы аймаққа келген әр сапарында Нұрсұлтан Назарбаев «Қарағанды облысы мен үшін туған жеріммен бірдей», - деп атап өтеді. Қарағандылықтар мұны мақтан тұтады және бұл оларға президент алға қойған ауқымды шараларды атқару бағытында ерекше жауапкершілік жүгін жүктейді.
1958 жылдың жазында Магниткаға алғашқы шақыру болды. Бұған көптеген қазақ балалары, әсіресе, шалғайдағы ауылдардың жастары үн қосты. Күні кешегі мектеп түлектері металлургия мамандығын игеруге бел буды. Сол кезде Қарағанды металлургия комбинатының құрылысы жүріп жатқан Теміртауға комсомолдық жолдамамен келген жалынды жастардың бірі - Нұрсұлтан Назарбаев болатын.
Алғашқыда ол бетоншы болды, кейіннен домна пешіне ауысты. Домна көрікшісінің жұмысы өте ауыр және 1000 градустан асатын температура маңында қалыпты нормадан тыс жағдайда еңбек етуге кез келген адамның шыдай алмайтыны да анық. Содан да болар бұл - құрметті мамандық.
Бәрінің қалай басталғаны туралы Қазақстан Магниткасының ардагері, КСРО құрметті металлургы, «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерінің иегері Владимир Федорович Колбаса үнемі айтып отырады. Оның «ыстық еңбек өтілі» - 46 жыл. Зейнетке шыққан соң да домна пешінде 18 жыл еңбек етті. Осындай рекордтық көрсеткішке ие бола тұра, ардагер бірінші орынды Нұрсұлтан Назарбаевқа береді. «Президент болу - күнде мартен пешінің алдына тұрғанмен бірдей, - дейді құрметті металлург. - Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметтегі әр күнін «ыстық еңбек өтіліне» жатқызуға болады».
В. Колбаса мен Н. Назарбаев Магниткаға бір уақытта келді.ВТУЗ -да да бірге оқыды. Пияз қосылып қуырылған жұмыртқамен біз диплом алғанымызды атап өткен едік, деп еске алады сол күндерді Владимир Федорович.
Нұрсұлтан Назарбаев Теміртауға 18 жастағы балаң жігіт кезінде келді. Еріктілер арасынан іріктеп алынған 300 бала металлург мамандығына оқуға жіберілді. Украинаға аттанған 100 баланың ішінде Нұрсұлтан да бар еді. Днепродзержинскідегі №8-ші техникалық учелищеде ол металлургия мамандығының қыры мен сырына үйренді. Болашақ президенттің көшбасшылық қабілеті сол кездің өзінде байқалатын.
Қазақстандықтарды Днепродзержинскіде құрметпен қарсы алады. 2007 жылғы қазанда қарағандылық делегация Украинада болған кезінде қарағандылықтар Қазақстанның Тұңғыш Президентін Днепродзержинскі жоғары кәсіби училищеде қалай құрметтейтінінің куәсі болды.
Мұны ғимаратқа жақындағанда сезіне бастайсың. Училищенің алдына мемориалдық тақта орнатылған. Ал ғимараттың ішіндегі әр қабатта Нұрсұлтан Назарбаевтың училищеде болған сәттерін бейнелейтін фотосуреттер ілінген. «Осында оқыған жылдарым туралы естелікті өмір бойы есімде сақтап келемін. Мен қазіргі мәртебеме осы оқу орнында жүргенде қалыптаса бастағандаймын», - деген жазба қалдырды Нұрсұлтан Әбішұлы Пікір кітабына. Ал училищенің мұражайында оған арналып жасалған фотосуреттер мен құжаттар стендісі бар.
Қарағандылықтар болашақ президент дәріс алған сыныпта болып, ол отырған екінші партаны да көрді. Нұрсұлтан Назарбаев екінші кеншілер тобына іріктелді. «Бұл балаларға өте ауыр болды, өйткені олар оқудан кейін домна цехында еңбек етті. Оқытушылар Нұрсұлтанды көпшілік арасынан бірден айырды. Өйткені ол үздік оқыды, бәрін бірден ұғына қоятын. Оның үстіне спорттағы жетістігін де көрсете білді, ол еркін күреспен айналысатын», - деді экскурсия кезінде №8-ші ТУ директоры Вадим Нетлес.
Өз оқушысын оның бұрынғы тәлімгері Надежда Быковская да жылылықпен есіне алады: «Жарты ғасыр уақыт өтсе де, мен бұл топты ұмытқан жоқпын. Нұрсұлтан екінші партада отыратын (осы орынға мемориалдық белгі орнатылған - авт.). Сабақты ерекше ынтамен тыңдайтын, ал сұрай қалсаң сөзбе сөз айтып беретін». Осындайда еске түседі, өндірістік оқу шебері Дмитрий Погорелов диплом толтыру кезінде Нұрсұлтан Назарбавтың құжатын әдемі етіп жазуды сұрады, ол кем дегенде Министрлер Кеңесінің төрағасы болады деген еді. Шебердің көріпкелдігі айна-қатесіз келді.
Училищені бітіргеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Карметкомбинаттың домна пешінде тоғыз жыл еңбек етті. Содан кейін оның еңбек жолында саяси өсуі басталды. Алғашында ол комбинаттың парткомына жетекшілік етті, содан кейін Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланды, уақыт өте келе ол Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды.
Қарағанды индустриялық университетінде (бұрынғы ЖТОО) «Металлургия» мамандығы бойынша 13-ші нөмірлі емтихан тапсыру қағазы сақталған. Осы құжат топта үштік бағасыз оқыған бірден-бір оқушы Нұрсұлтан Назарбаев екендігін дәлелдейді. Ол дипломды «үздік» қорғады. «Алғашында ол Қарағанды политехникалық институтына түсті. Онда екі курс оқығаннан кейін металлургия мамандығының жабылуына байланысты, ол Карметкомбинат жанындағы жоғары техникалық оқу орнына ауысты», - дейді Қарағанды индустриялық университетінің проректоры Оксана Гуменчук.
Назарбаевтың курстасы Қуаныш Омашев былай деп пайымдайды: «Мен де, басқалар да Нұрсұлтанды президент болады деп ойлаған жоқ едік, бірақ біз оның ұлы адам болатынын білдік. Егер ол президент болмағанда онда академик болушы еді».
Өткен жылы алғашқы қазақстандық шақырудың 50 жылдығына арнап, «Магнитка менің жүрегімде» атты кітап шықты. Онда алғашқы жол салғандардың естеліктері жазылған.
Амангелді Әбдірахманов, КСРО Құрметті металлургы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, балқытушы өтілі - 37 жыл:
-Сол жылдары газеттер Соколов-Сарыбай ТКК, Теміртаудағы Қазақстан Магниткасы, Жезқазған және Балқаш мыс комбинаттары туралы жарыса жазатын. Біздер, ауыл жастары осындай ауыр өндіріс орындарында жұмыс істеуді арман ететінбіз. Ұлы құрылыстар мен олардың келешегі магниттей тартушы еді. Украинада оқуға комсомолдық шақыру туралы хабарландыруды көргенде мен барамын деп шештім! Қазақстанның болашақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жолыққаным үшін тағдырыма ризамын. Біз жатақхананың бір бөлмесінде бірге тұрдық, домналық пешші мамандығын қатар игердік, содан кейін Қазақстан Магниткасында шойын құюшы болып еңбек жолымызды да бірге бастадық.
Естан Жүнісұлы, металлург жұмысынан кейін ұстаздық қызметке ауысты:
-Көптеген ауыл жастары секілді мен де мектептен кейін ЖОО-ға түсе алмадым, зауытта сыққыш-аппаратта жұмыс істедім. Бір күні қорғасын зауытының жанынан өтіп бара жатып, металлургиялық мамандыққа оқытуға жастарды іріктеу туралы хабарландыруға көзім түсті. Өте қызық! - деп ойладым да, құжаттарымды тапсырамын деп шештім. Құю кранының машинисі мамандығын таңдадым. Біз Нұрсұлтан Назарбаев екеуміз бірге оқыдық. Біздің арамызда ол қоғамдық пайдалы істерімен ерекшеленетін. Бір ғана мысал. 1959 жылы Украинаға, оның ішінде Днепродзержинскіге қазақ әншісі Бибігүл Төлегенова келді. Нұрсұлтан нағыз патриот ретінде белсенділік танытты: газетке жарнама ұйымдастырды, жерлестерді маңына жинап, қала бойынша афиша ілуді тапсырды, алдын ала билеттер алуды ұсынды. Концерт өте тамаша өтті, зал лық толы болды. Барлық жерлестері атынан Нұрсұлтан әншіге үлкен гүл шоқтарын табыс етті. Мұның барлығы да оның ұйымдастырушылық қабілеті туралы хабардар етсе керек.
Қабидолла Сәркенов, профессор, «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, домнада жұмыс істеген, инженер-металлург:
-Украинаға сапар барысындағы ең есте қалған сәт - туған жерім, Орал облысы тұсынан өтіп бара жатқанда болды. Ата-анама әдейі хабарламадым, өйткені пойыздан түсіріп алады деп қауіптендім. Арада бір жыл өткенде ауылға №8 ТУ студенті атанып, болашақ домна көрікшісі ретінде елге келдім. Украиндық шебер-тәлімгерлер жақсы оқуға тырысатындықтары үшін қазақ жігіттерін құрметтейтін, оларды басқаларға үлгі етіп көрсететін. Арамыздағы көптеген жігіттер кейін жоғары білім алды, арамыздан алты ғылым докторы, бір ғылым кандидаты шықты. Ең бастысы, Днепродзержинскідегі оқу және одан кейінгі Теміртаудағы жұмыс біздің Мемлекет басшысының, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамгершілігі мен кәсіби біліктілігін қалыптастырды. Нұрсұлтан Әбішұлының менің тағдырыма ықпалын бағаламау мүмкін емес. Днепродзержинскіде бір бөлмеде жаттық, бір партада қатар отырдық. Содан кейін Қазақстан Магниткасында бірге жұмыс жасадық, жұмыс бабында бірге жоғарыладық, домна пештерін іске қостық. Жұмыс істей жүріп ЖОО-да оқыдық, Қарағанды металлургия комбинатының домна цехында шебер болып жұмыс істедік. Содан кейін әркім өз жолын таңдады, бірақ біз қашанда біргеміз.
Барлық уақытта да алып металлургия өндірістің тірегі іспеттес. Нұрсұлтан Назарбаев Президент болғаннан кейін де өзі үшін туғандай болып кеткен кәсіпорын тағдырын назардан тыс қалдырмады. Әрине, өнеркәсіп үшін қиын кезеңдер орын алғанда, комбинат толық тоқтаудың алдында тұрған кезде Президент бұған бей-жай қарай алмады. Теміртауға сапары барысында адамдардың далада тамақ әзірлеп жатқандарын көріп, мұның жанына қатты батып жүргенін ол жасырмай айтушы еді. 1995 жылы Президент комбинатқа инвестор табуға көмектесті - ол , «LNM» тобы, (қазіргі «АрселорМиттал»).
«Теміртау мен үшін - алтын бесік, - деп мәлімдейді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. - Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырымның ажырамас бір бөлігі. Егер, менің өмірімде Магнитка және Теміртау болмағанда мен ешқашанда президент болмаушы едім... Көп уақыт өтті, дегенмен мен Қазақстан Магниткасында жұмыс істеу үшін Украинада металлургия мамандығын жерлес жастар тобымен бірлесе игерген жылдарымды әлі күнге жадымнан шығарған емеспін. Бұл, тек біздің жастық шағымыз болғандықтан емес, біздің Днепрдегі демалыс күндеріміз, Днепродзержинск металлургия комбинатының цехтарындағы еңбек күндеріміз, домна цехы, металды алғашқы балқыту, біздің алғашқы қобалжуымыз, алғашқы ұстаздарымыз - бәрі де біздің есімізде. Біздің қайратымызды кімдердің шынықтырғаны және бізді металлург етіп шығарған адамдар жадымызда».