Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды халық қалап отыр - Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов
АНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды халық қалап отыр», - дейді Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов.
Бұл пікірін ол бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында білдірді.
«Бұрын біз "кім едік?" деген мәселе төңірегінде ойланатын болсақ, біз бүгінгі жетістігімізге сөз жоқ қуана қараймыз. Бұл Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасы. Президент қысқа ғана мерзім ішінде бізді осындай жағдайға жеткізді. Қазақта «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Ал біздің еліміз 20 жылдың ішінде жаңарды. Сондықтан да Президенттің өкілеттігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзарту мәселесі заңды. Бұны халықтың өзі қалап отыр. Президенттің өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум өткізу үшін 5 миллионнан астам адам дауыс берді. Егер дауыс беру жалғаса беретін болса, мен дауыс берушілер санының 90 пайызға жететіндігіне сенімдімін»,-дейді депутат.
«Конституциямыздың 3-бабында «мемлекетті басқаратын халық», деп көрсетілген. Сондықтан біз халықтың айтқанымен жүруіміз керек. Ал халық Парламенттің пікірін жақтап отыр. Бірақ Президент біздің ұсынысымызды қабылдамай тастады. Алайда біз демократиялық ел болған соң өзіміздің Ата заңымызға жүгінуіміз керек. Онда бұл мәселелердің барлығы толығымен реттелген. Мысалы 90-баптың 1-тармағында Президент Парламенттің ұсынысын қабылдамаса, Парламент мәселені өзі қарап, Конституцияға өзгеріс енгізе береді. Егер мұны Парламенттің әр палатасының 5/4 пайызы қаласа. Ал біз бүгін екі палата депутаттары да 46- бапқа «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» деген сөзді «Елбасы» деген сөзбен алмастыру жөнінде өзгеріс енгізіп, 42-баптың 5-тармағына Президентті референдум арқылы сайлауға болады деген мәселе кіргіздік және оны бірауыздан қолдадық»,- деді халық қалаулысы.
Оның пікірінше, бұл халық үшін, еліміздің әрі қарай дамуы үшін керек. Елімізде алдағы онжылдықтарда атқарылуы тиіс үлкен серпінді бағдарламалар бар. Оны Елбасы өзі бастады, енді өзі аяқтағаны дұрыс. «Бұл біздің тәуелсіздігіміздің баянды болуының, еліміздегі саяси тұрақтылықтың нығая түсуінің, экономикамыздың әрі қарай серпінді дамуының, халқымыздың әл-ауқатының арта түсуінің кепілі»,-деді Қ.Айтаханов.