Президенттің әлем көшбасшыларымен аудармашысыз тілдесуінің астарында не жатыр — сарапшы пайымы
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлем елдері көшбасшыларымен сол мемлекет тілінде сөйлесуінің сыры неде, оның саяси астары бар ма? Бұл тақырып бойынша ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы, саяси ғылымдарының кандидаты Айнұр Тукумова ойын ортаға салды.
— Тарихта әр тұлғаның рөлі бар, бұл тұста біздің Президент Қытайға барса, Қытай президентімен қытай тілінде, Ресейге барса орыс тілінде, АҚШ-қа барғанда ағылшын тілінде сөйледі. Ол кісі әлемдік деңгейдегі дипломат, БҰҰ-ның Бас Хатшысының орынбасары болды, бұл тұста осы фактор шешуші рөл ойнаған сияқты. Бұл коммуникация, яғни әріптесімен тікелей аудармашысыз тіл табысуын біз ақпарат құралдарынан көріп отырмыз. Трамп өзі Ақ үйде экскурсия жасады, бейресми пікір алмасу болды, — деді Айнұр Тукумова Kazinform агенттігінің YouTube арнасында шығатын «BIZDIÑ ORTA» подкастында.
Сарапшының мәлімдеуінше, Қазақстанның ұтқыр болған жері, әлемнің алпауыт елдерінің басшыларымен тікелей, тең деңгейде сөйлесе алуы.
— Қазақстан дипломатиясының басты жетістіктерінің бірі Сыртқы істер министрлігі тарапынан біраз жұмыс істелінді. Қаншама жұмыс жасалды, ол көзге көрінбейді. Сондықтан да сөзсіз қазір Қазақстан дипломатиясы өзінің шырқау шегінде. Барлық тараппен бізде ешқандай мәселе жоқ, керісінше біз алаң ұсынып отырмыз. Ибраһим келісімдеріне қосылдық деп отырмыз, ол да Қазақстан дипломатиясының бір жеңісі. Өйткені, біз Таяу Шығыс, Сирия мәселесіне көп көмектестік, бұл Қазақстанға деген үлкен сенім және сарапшылардың айтуы бойынша бұл форматтың болашағы зор, өйткені бұл форматқа Оңтүстік Кавказ елдері, Әзербайжан да қосылуы мүмкін, — деп түсіндірді саяси сарапшы.
Бұдан бұрын саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым Қазақстан 30 жыл ішінде орта держава деңгейіне көтерілгенін айтты.