Президенттің Жаңа жылдағы үндеуі нақты нәтиже мен жүйелі жоспарларға негізделген – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Саясаттанушы Әділ Сейфуллин Президенттің Жаңа жылдағы үндеуіне қатысты пікір білдіріп, құттықтау сөзі нақты, сандық көрсеткіштермен өлшенетін нәтижелерге және келесі жылға арналған айқын жоспарларға негізделгенін атап өтті.

Әділ Сейфуллин
Фото: Әділ Сейфуллиннің жеке мұрағатынан

Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысы 2025 жылдың қорытындыларын оңай тексерілетін нақты көрсеткіштер арқылы растады. Мысалы, ЖІӨ өсімі 6 пайыз деңгейінде, алтын-валюта резервтері 62 млрд АҚШ долларынан асқан, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалар мен айқын мақсаттар атап өтілген. 

– Бұл – «Достық — Мойынты» бағытындағы екінші теміржол желісі, 13 мың шақырым автожолды жөндеу және салу, сондай-ақ 19 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, - деп атап өтті Әділ Сейфуллин.

Оның айтуынша, үндеуде ауыл шаруашылығы тақырыбына да ерекше мән берілген. 

Саясаттанушының пікірінше, шамамен бір триллион теңге көлеміндегі фермерлерді қолдау және екінші жыл қатарынан жоғары өнім алу тек аграрлық сектор үшін ғана емес, жалпы ел үшін аса маңызды. Бұл бағыт мемлекеттің тұрақтылығымен және экономикалық өзгерістердің өңірлердегі әлеуметтік ахуалға әсерімен тікелей байланысты.

Әділ Сейфуллин үндеудің әлеуметтік бөлігін базалық қоғамдық келісім ретінде бағалады. Оның айтуынша, 100-ден астам мектептің салынуы, 200-ге жуық денсаулық сақтау нысанының іске қосылуы және шетелдік университеттердің филиалдарының ашылуы қоғамға түсінікті және мемлекетті сенімді серіктес ретінде қабылдауға ықпал ететін шешімдер болып отыр.

Идеологиялық құрамға тоқталған сарапшы үндеуде нәтижелердің адамдардың еңбегімен қамтамасыз етілгені бірнеше рет айтылғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл еңбектің иелері – оқушылар мен спортшылардан бастап дәрігерлерге, мұғалімдерге және жұмысшы мамандық өкілдеріне дейін. Мұндай тәсіл даңқты мәртебеге емес, «қалыпты мамандыққа» деген құрметті арттырады, бұл – жаңа жылдық үндеудің маңызды ерекшелігі.

Әділ Сейфуллин үндеудің негізгі мәні ретінде 2026 жылға арналған жоспарларды атады. Президент жаңа жаңғырту кезеңінің басталатынын мәлімдеді және оны алдағы конституциялық реформаға байланыстыра отырып, ең маңызды бағыттарды нақты атап өтті. Олардың қатарында энергетика, су ресурстары, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ өңірлерде жаңа өндірістер мен құрылыс жобаларын іске қосу бар.

Сарапшы атап өткендей, цифрлық мемлекет құруға, сондай-ақ жасанды интеллектіні басқару және дамытудың құралы ретінде қолдануға ерекше мән берілген.

– Жоспарлар тұрғысынан Президент 2026 жылды технологиялық қарқынмен жүретін жүйелі жаңғырту жылы ретінде белгілеп отыр. Цифрлық мемлекет күн тәртібінің негізгі бағытына айналып, жасанды интеллект басқару мен даму құралы ретінде қарастырылған. Сонымен қатар құндылықтық негіздер де атап өтілді: «Таза Қазақстан» бастамасы, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы, теңгерімді сыртқы саясатты жалғастыру және Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ның 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялауы, - деп атап өтті Әділ Сейфуллин.

Жалпы алғанда, саясаттанушының ойынша, жаңа жылдық үндеу таңдалған бағыттың дұрыстығына деген сенімді нығайтып, алдағы жылды технологиялар мен нақты нәтижелерге сүйенген жүйелі жұмыс кезеңі ретінде айқындап берді. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар