Профессор Құрманбаева: Жаһандану дәуірінде латын әліпбиіне өту - ең прогрессивті бағыт

АСТАНА. ҚазАқпарат - Латын әліпбиінде сөздердегі әріп санын көбейтпеу -қазақ тілінің жалғамалы табиғаты үшін аса маңызды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шынар Құрманбаева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Профессор Құрманбаева: Жаһандану дәуірінде латын әліпбиіне өту - ең прогрессивті бағыт

«Коммуникация ғасыры деп аталып отырған ХХІ ғасыр адамзат баласының технологиялық жетістіктерді қолдану мүмкіндігін кеңейткенімен, ұлттық құндылықтардың жойылу қатерін тудырып отыр. Осындай өтпелі кезеңде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік еліміздің мәңгілік тілін» жаһандық бәсекеге қабілетті етіп, «ұлттық кодымызды сақтаудың» жолы ретінде латын графикасын қабылдауды ұсынды. Жаһандану заманында латын графикасына өту ең прогрессивті бағыт екені ешқандай дау туғызбайды», - дейді профессор.

Шынар Қапантайқызының айтуынша, латын графикасына өту арқылы мемлекеттік тілімізді ұлттық бірегейліктің тетігі ретінде дамытуға мүмкіндік туады.

«Бір жылға жетпейтін аз уақыттың ішінде қабылданған кирилл жазуы тілдің емлесі жайлы ойлануға мүмкіндік бере қойған жоқ. Тарихтан сабақ алып, қазіргі беріліп отырған жаңа мүмкіндікті түркі әлемінің өзара ықпалдастығына жасалатын қадам ретінде бағалауымыз қажет. Қазақ әліпбиінің латын графикасында жазылуының түзетумен ұсынылған соңғы нұсқасы алғашқысымен салыстырғанда көңілге қонымды», - дейді Шынар Құрманбаева.

Оның айтуынша, ХХ ғасырдың басында қабылданған латын жазуының басты ұстанымдарының бірі - «бір дыбысқа бір таңба» қағидасы ескерілген. Профессор сөздердегі әріп санын көбейтпеу, әсіресе, қазақ тілінің жалғамалы табиғаты үшін аса маңызды деген пікірде.

«Қазақ тілінің төл табиғатына қайшы кірме дыбыстардан бас тарту ұстанымы толық шешімін табар деген ойдамын. Мәселен, бірінші нұсқада болған «ц» дыбысы болашақ емлеміз бойынша «ts» арқылы жазылады деп шешілген болар, екінші нұсқадан мүлдем алынып тасталыпты. Сол дыбыспен бірге екінші нұсқадан үтірсіз дәстүрлі «с» қарпі де жоғалып кеткен. Оның есесіне, үтірлі «с'» қарпі қосылып, «ч» дыбысын таңбалапты», - дейді профессор.

Сонымен қатар, Шынар Құрманбаеваның айтуынша, соңғы нұсқада «и» мен «й» дыбыстарының «і'» түрінде бір ғана таңбамен берілуі емлемізде көптеген жақсы өзгерістердің болатынын білдіреді.