«Прогресс» жүк кемесі Халықаралық ғарыш стансысына аттанды
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні кешке Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш стансысына «Прогресс» жүк кемесі аттанды.
Бұл туралы Ұшу сапарларын басқару орталығына сілтеме жасап ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлады.
Мәскеу уақыты бойынша сағат 21.15-те бірінші, Гагарин алаңынан 2,5 тоннадан астам жүк тиелген «Прогресс М-05М» жүк кемесімен «Союз-У» зымырантасымалдағышы ұшырылды.
Үш тәуліктен кейін кеме орбитадағы экипажға азық-түлік, су, отын, халықаралық ғарыш стансысына арналған жабдықтар және ғарышкерлердің туған-туыстарының сәлем-саухаттарын жеткізеді. Сондай-ақ, кеме бортында «Каскад» биотехнологиялық тәжірибесін жүргізуге арналған биореактор мен суспензия контейнері, ресейлік «Матрешка-Р» шар фантомына арналған детекторларға, сондай-ақ мамыр айында орбитаға «Атлантис» шаттлы жеткізетін ресейлік МИМ-1 модулін құрастыруға арналған аспаптар «кейсі» бар.