Прокуратура 3 млн.-нан астам теңге шәкіртақының заңсыз төленгенін анықтады - БҚО
ОРАЛ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласы прокуратурасы облыс орталығындағы Экономика және ақпараттық технологиялар колледжінде мемлекеттік тапсырысты орындағаны үшін республикалық бюджеттен бөлінген шәкіртақының оқушыларға артық төленгенін анықтады.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен аталмыш колледж арасындағы келісімге сәйкес 2009 жылы - 12892,5 мың теңге, өткен жылдың тоғыз айы үшін 12587,6 мың теңге аударылған. Үкімет қаулысына сәйкес шәкіртақы мемлекеттік білім тапсырысы бойынша «жақсы» және «өте жақсы» бағаға оқушыларға төленуі тиіс. Осы талап бұзылып, сессия кезінде «қанағаттанарлық» баға алған 65 оқушыға шәкіртақы негізсіз төленген. Мұның жалпы сомасы 3086,0 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша прокуратура ұйғарымы беріліп, ол қаралу үстінде. Сонымен бірге материалдар ҚР ҚК 185-бабына сәйкес шешім алу үшін БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданды.