Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Прокуратура алаяқтар жиі қолданатын тәсілдерін атады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Нұра ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Шахрирамадан Сұлтан аудан тұрғындары жиі тап болатын алаяқтық түрлері туралы айтты.

Германияның бұрынғы қаржы министрі Facebook-тегі алаяқтардың құрбаны болды
Фото: BILD

Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрғындар арасында қызмет көрсету немесе белгілі бір жұмысты орындау сылтауымен ақша алып, кейін міндеттемесін орындамау, сатып алу-сату мәмілелері кезінде алдау, сондай-ақ мүлікті жалға беру барысында жасалатын алаяқтық фактілері жиі кездеседі.

– Соңғы жылдары интернет-алаяқтық кеңінен тарап келеді. Алаяқтар Instagram, WhatsApp, Telegram сияқты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді, жалған интернет-платформалар мен сайттарды, фишингтік SMS-хабарламаларды пайдаланады. Сондай-ақ өздерін екінші деңгейлі банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды ақшасын басқа есепшотқа аударуға немесе SMS арқылы келген растау кодын айтуға көндіреді. Мұндай кодтарды ешкімге айтуға болмайды, – деді Шахрирамадан Сұлтан.

Спикердің сөзінше, алаяқтар жиі қолданатын айлалардың бірі – туристік турлар мен жолдамаларды сату. Олар әуе билеттері, қонақүй мен демалыс қызметтері үшін алдын ала төлем қабылдағанымен, іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпейді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердегі хабарландырулар арқылы фотоаппараттар мен өзге де техникаларды жалға алып, кейін оларды иесіне қайтармай, ломбардқа өткізу немесе қайта сату фактілері де кездеседі. Сондай-ақ YouTube пен әлеуметтік желілерде оқыту курстары немесе тренингтер ретінде ұсынылатын жалған инвестициялық жобалар арқылы азаматтарды алдау жағдайлары көбейіп отыр.

Шахрирамадан Сұлтанның айтуынша, қаржылық және тұрмыстық қызметтердің цифрландырылуы қылмысты қашықтан жасау мүмкіндігін кеңейтіп, осы санаттағы құқық бұзушылықтардың жыл сайын артуына ықпал етіп отыр.

Сонымен қатар ол осыған байланысты прокуратура органдары профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізеді. Тақырыптық бейнероликтер әзірленіп, мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде, еңбек ұжымдары арасында және алаяқтардың арбауына жиі түсетін зейнеткерлерге түсіндіру кездесулері мен дәрістер өткізіледі деп атап өтті. 

Бұған дейін алаяқтар ЖИ көмегімен танымал тұлғалардың бейнесін пайдаланып жүргенін жазғанбыз.