Прокуратура араласқаннан кейін педагогтерге 7,2 млн теңге төленді

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысының прокуратурасы білім беру саласындағы зейнеткерлердің еңбек құқықтарының бұзылғанын анықтады. Қадағалау органы араласқаннан кейін Исатай ауданындағы педагогтер мен мектепке дейінгі ұйымдардың жүзге жуық қызметкеріне зейнеткерлікке шығуына байланысты төленбеген 7,2 млн теңгеден астам өтемақы толық көлемде берілді.

Прокуратура араласқаннан кейін педагогтерге 7,2 млн теңге төленді
Фото: Анадолы

Қадағалау органымен жергілікті білім беру ұйымдарының басшылықтары тарапынан заңды мүдделері ескерілмеген білім беру саласындағы зейнеткерлердің еңбек құқықтарын қорғау шаралары қабылданды. 

Нәтижесінде, Исатай ауданындағы білім беру ұйымдарының педагогтері мен мектепке дейінгі ұйымдардың жүзге жуық қызметкеріне зейнеткерлікке шығуына байланысты заңнамада көзделген әлеуметтік төлемдер төленді. 

— Зейнеткерлікке шығуына байланысты еңбек шарттары тоқтатылған бюджет ұйымдарының қызметкерлеріне жалпы сомасы 7,2 млн теңгеден асатын заңнамада көзделген міндетті өтемақы төлемдері төленбеген, — делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісі нәтижесінде аталған зейнеткерлерге тиесілі ақшалай қаражаттар толық көлемде аударылып, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Еңбекақы төлеу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 7 тұлға ҚР ӘҚБтК-тің 87-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Бұған дейін онлайн казино ұйымдастырған азаматтан мемлекетке 9,9 млн теңге өндірілді.