Прокуратура былтыр 7,5 мыңға тарта кәсіпкердің конституциялық құқықтарын қорғады
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат -Өткен жылы елімізде 7,5 мыңға тарта кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды.
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасында кәсіпкерлік мәселелеріне арналған бейнеконференция барысында Бас прокурордың орынбасары Андрей Карвченко мәлім етті.
Оның айтуынша, былтырғы жылы кәсіпкерлер қызметіне кедергі келтіретін кез келген фактілерге жедел ден қоятын арнайы топ қызметіне кіріскен. Жедел топтың қызметі нәтижесінде 30-дан астам қылмыстық және әкімшілік іс қозғалған. Кәсіпкерлер жұмысына заңсыз кедергі келтіргені үшін прокурорлар 113 ұсыным жасап, 40-қа тарта наразылық шараларын, сондай-ақ бірқатар прокурорлық қадағалау актілерін қабылдаған.
«Жалпы, статистикалық мәліметтерге сәйкес, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруге қатысты фактілері аясында 1200 тексерулер жүргізіліп, оның нәтижесінде 15 мыңнан астам заң бұзушылықтар анықталған. Осыған орай, заңсыз әрекеттерді жою мақсатында прокурорлық қадағалаудың 1700 актісі енгізілді. Кәсіпкерлер мүддесіне кері әсер ететін 790 заңсыз актілерді жүзеге асыруға тыйым салынды немесе олар өзгертілді. 7,5 мыңнан астам кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды. Түрлі жауапкершілікке 1040 тұлға тартылды», - дейді А. Кравченко. Бұл ретте Бас прокурордың орынбасары осы бағыттағы жұмыстар 2013 жылы да жалғасатынын мәлімдеді.