Прокуратура С.Церковников өзіне-өзі қол жұмсаған деген қорытындыға келді

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен 22 қараша күні түскен мәліметке қарағанда, ұзақ уақыт жауапты басшылық қызметтер атқарып, Батыс Қазақстан өңірінің дамуына өзіндік үлес қосқан С.Н.Церковниковтың өлімі облыс тұрғындарының арасында кеңінен пікір қалыптастырғаны ескеріліп, облыс прокуроры тергеуге дейінгі тексеруді ұйымдастыруды арнайы прокурорлар тобына тапсырған.
Тексеру барысында анықталғанындай, С.Церковниковтың өлімі өзін-өзі өлтірудің, яғни асылудың нәтижесінде орын алған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес мүрдеде қандай да бір дене жарақаттары жоқ. Оны осындай әрекетке жеткізу фактілері де анықталмаған.
Оқиғадан екі күн бұрын, яғни 29 қазанда С.Н.Церковников қаржы полициясы органдарына «Forest-строй» ЖШС-н тіркеу фактісі мен жалған кәсіпкерлік қызмет бойынша А.А.Мазанов және Н.Ф.Шпильковке қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы, 2-бөлімі, «б» тармағымен қозғалған қылмыстық іс бойынша куә ретінде жауап алуға шақырылған.
Аталған қылмыстық істі тергеу барысында қаржы полициясының қызметкері Б.Амренов С.Церковниковтің қолы қойылған, 40 мотопомпа алу туралы келісім бойынша мемлекеттік мекеме мен «Forest-строй» ЖШС-нің өзара есеп айырысуына тексеру жүргізген.
Тергеу әрекетін жүргізу барысында қаржы полициясы қызметкерлерінің тарапынан қандай да бір қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұзуға жол берілмеген. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Жақындары мен әріптестерінің жауаптарына қарағанда, С.Церковников күмәншыл адам болған, барлығын жүрегіне жақын қабылдаған.
Оқиға болған күні С.Церковников жұбайымен бірге үйінде болған, таңертең шамамен 08 сағат 30 минутта артқы аулаға көжектерін тамақтандыру үшін шыққан. Сағат 09.00 шамасында жұбайы С.Церковниковтың 30 минуттай кідіргенін байқап, артқы ауладағы сарайлардың бірінен асулы күйде тұрғанын көрген, яғни ол өзіне-өзі қол жұмсаған.
Арнайы прокурорлармен қылмыс құрамының жоқ болуына орай, ҚР ҚІЖК-нің 37-бабы, 1-бөлімі, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданды.