Прокуратураның араласуынан кейін 300-ден астам щучьелік тұтынушының құқығы қорғалды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысы прокуратурасының шараларымен Щучье қаласында 300-ден астам тұтынушының мүліктік құқықтары қорғалдыАқмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Щучье қаласының тұрғындары Бурабай аудандық прокуратурасына жүгініп, жергілікті жылумен жабдықтаушы ұйым таратқан хабарламаларымен келіспейтіндіктерін айтып шағымдаған.

Анықталғандай, жергілікті жылумен жабдықтаушы ұйым көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарына жылуесептегіштері мен жылу датчиктерінің қызмет ету мерзімінің аяқталуына байланысты жаңасына ауыстыру қажеттілігі туралы хабарламалар жіберген. Онда бұл талаптар орындалмаса, ұйым жылу есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен қамтамасыз ету үшін тұтыну нормасына сәйкес ақы алатыны айтылған.
Алайда бұл әрекеттер қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Яғни, құрылғылардың (жылу калькуляторлары мен температура датчиктерінің) қызмет ету мерзімінің аяқталуы оларды жаңасына ауыстыруға сөзсіз негіз болып табылмайды, бірақ тексеруге жатады.
«Қадағалау актісі бойынша хабарламалар кері қайтарылып, кінәлілер тәртіптік жауапқа тартылды. Осы арқылы 304 тұтынушының құқықтарын шектеуге жол берілмеді», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында мектеп басшылығы баланы мектепке қабылдамай қойғанын жазған едік.