Прокуратураның ықпалымен Қостанай облысындағы ауылда ауыз су тарифі 45 еседен астам төмендетілді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысында Денисов ауданы прокуратурасының шараларынан кейін Глебовка ауылы тұрғындары үшін ауыз судың тарифі 45 еседен астам төмендетілді, деп хабарлайды облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Талғар ауданында 33 кәсіпкер электр энергиясын жоғары тарифпен төлеп келген
Фото: Pixabay.com

Бұған дейін ауылда ауыз судың бір текше метрі 5 520,59 теңгеден сатылған. Қабылданған шаралардан кейін тариф 116 теңгеге дейін төмендеді.

Жоғары тариф ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілеріне айтарлықтай қаржылық салмақ түсірген.

Заңнамада ауыз судың құнын субсидиялау қарастырылғанымен, Глебовка ауылындағы сумен жабдықтау қызметтерінің тарифін төмендету бойынша тиісті шаралар уақтылы қабылданбаған.

Прокурорлық қадағалау актісі қаралғаннан кейін Глебовка ауылындағы ауыз су тарифі субсидияланатын тарифтер тізбесіне енгізілді.

Нәтижесінде ауылдағы 430 тұрғынның, оның ішінде 21 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалды.

Прокуратура мәліметінше, тарифтің төмендеуі халық пен бизнестің шығындарын едәуір азайтып, ауыз суды қолжетімді етуге мүмкіндік берді.

Прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Осыған дейін Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Алғабас ауылында прокуратура қайтарған активтер есебінен орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылып, 200-ден астам абонент сапалы ауызсумен қамтылғаны туралы жаздық.