Прокурордың көмекшісіне 2 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермек болған алаяқ ұсталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біреудің мүлкін иемдену әрекеттерін жүзеге асыру үшін Л.Агаларов баспанасы бар Д.Бровковты араққа тойдырып, алаяқтық жолмен оның Ақтау қаласындағы 13-ші шағынаудандағы 50-інші үйде орналасқан пәтерін иемденбек болған.
Оның бұл әрекетінен дер кезінде сезіктенген Д.Бровковтың ағасы С.Коджебаш Л.Агаларовтың үстінен арыз жазып, оның бұл ісіне тергеу жүргізуді сұраған.
Бұл шағым бойынша қалалық прокуратура іс қозғап, тергеу жүргізеді. Ал біреудің пәтерін заңсыз иемденгісі келген Л.Агаларов құзырлы орган қызметкерінен өзіне қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.
Күдікті өзіне тағылған айыптан құтылып, қылмыстық істі жойып жіберу үшін қала прокурорының көмекшісіне 2 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермек болған.
Маңғыстау облысының прокуроры Серікбай Ерімбетовтің айтуынша, пара беру сәтінде облыстық прокуратураның, Ақтау қалалық прокуратураның қызметкерлері және экономикалық жемқорлыққа қарсы департаменттің қызметкерлері бірлескен шұғыл топ пара берушіні қолға түсірген.
Қазіргі күні пара берушінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 312-бабымен қылмыстық іс қозғалып, сезікті адам уақытша қамауға алынды.
Құқық қорғаушылар оның қаладағы басқа да алаяқтық әрекеттерге қатысы болуы мүмкін екенін айтады.