17:44, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Прокурорлар арнайы тексерулер нәтижесінде 1 миллиард 67 миллион теңгенің жалақысын төлеттірді ? апталық брифинг
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокурорлар арнайы тексерулер барысында 1 миллиард 67 миллион теңгенің жалақысын төлеттіріп, 12 мың 519 жұмысшының конституциялық құқықтарын қорғады.

Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, заң бұзу әрекеттерінің басты себептері кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершіліктерінің жоқтығы, жұмысшылардың құқықтық білімінің төмендігі, кәсіподақ ұйымдарының тиісті деңгейде қызмет ете білмеуі және құзырлы орган өкілдерінің жұмыс берушілердің әрекеттерін жіті қадағаламауы болып отыр. «Прокурорлар тарапынан азаматтардың еңбек құқықтары мен халықты жұмыспен қамту заңнамаларының орындалу барысын қадағалау шаралары жалғасуда. Бұл мақсатта прокурорлар қазір еңбек саласындағы жағдайға арнайы мониторинг жүргізуде. Ірі және шағын бизнес нысандарының барлығы прокуратураның аймақтық органдарының бақылауында. Назарға сонымен қатар әкімшілік және азаматтық қылмыстық істер мен жұмыс орындарын қысқарту және жалақыны бермеу фактілеріне байланысты қосымша тергеуді қажет ететін шаралар алынды. Бұған қоса қазір азаматтарды қабылдау мен түрлі ұжым өкілдерімен кездесу, олардың еңбек қатынастарындағы наразылықтарымен байланысты жұмыстар да жандандырылуда», деді ресми өкіл.