18:41, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Прокурорларды ауыр қылмыстар санының артуы алаңдатып отыр - Бас прокурордың орынбасары
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылғы қылмыстар саны 2007 жылмен салыстырғанда сәл ғана көбейіпті.

Прокурорларды ауыр қылмыстар санының артуы алаңдатып отыр. Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада облыс прокурорларының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер жөнінде баяндаған Бас прокурордың орынбасары Рақымбек Мамырбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, ауыр қылмыстарға байланысты жағдайдың қиындығына орай Бас прокурор Рашид Түсіпбеков облыс прокурорларына бірқатар міндеттер жүктеп, олардың орындалуын қатаң қадағалауды тапсырған. «Осы орайда айта кету керек қылмыспен күресте құқық қорғау саласы қызметкерлерінің тарапынан да жіберіліп жатқан кемшіліктер аз емес. Мысалы, прокурорлық қадағалау кезінде құқық қорғау қызметкерлері тарапынан 3 мың 839 қылмыстың жасырылғандығы анықталып, олардың барлығы да қайтадан есепке қойылды», деді Бас прокурордың орынбасары. Оның мәліметтеріне қарағанда, жасырылған қылмыстардың 3 мың 353-і ішкі істер органдарында, 273-і қаржы полициясында болған. «Бұл мәселені де біз жіті бақылауға алып отырмыз. Өйткені, құқық қорғау органдары тарапынан кей жағдайда азаматтарды заңсыз қамауда ұстау әрекеттері де орын алады. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша біз заңсыз қамалған 1 мың 317 адамды анықтап, қамаудан босаттық. Сондай-ақ 850 адам құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қызмет бөлмелерінде қамауда болған. Олардың барлығы босатылды. Бас прокурор алқа мәжілісінде осы мәселеге де баса назар аударды» деді Р.Мамырбаев.