Прозаң қалай, баспасөз?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әдеби кітаптардың соңғы бетінде берілетін мәліметтерге үңіліп көргеніңіз бар ма? Көлемі, таралымы, тапсырысы... Мен қазір басқаны былай қойып, ең алдымен осыны оқитын болып алғам. Күлкілі ме? Әдеби кітаптан цифр іздеп отырсаң, одан өткен қандай қызық болуы мүмкін?
Бала күнімізде «суреті жоқ кітапқа іші жарылып кетпей қалай үңіледі екен осы?» - деп, үлкендерге қарап қарадай күйінуші ек. Ес біліп, етек жапқан бүгінде енді ғана ішіне дендеп енеміз бе деп жүргенде, цифр қуалайтынды шығарыппыз. Жазушының аты-жөні мен еңбегі, көркемдігі сол бір сандарға тіреліп қалған. Салыстырмалы түрде таралымы басқалардан көптеу болса (көптеу! көп деген сөз сөздік қордан шыққан бұл тарапта) - мықты деген сөз. Иесі мықты. Мына заманда соншама кітапты өткізе алатыныңа сенімді болу үшін де жүрек керек қой. Талант онсыз да бар. Бастысы, батылдығың жетсін! Міне, мәселе қайда?!
Кітаптарды кері итеріп қойып, журналдарға үңілетін болдым бертін келе. Түсінесіз енді, қайсысы мықты екенін білгім келеді ғой. Сөйтсем, бәрі мықты екен. Яғни, бір-бірімен деңгейлес. Оза шауып тұрған ешқайсысы жоқ (шатастырмаңыз, мен әдеби журналдарды айтып тұрмын). Демек, бәрі мықты. Бәрі! «Осал», «нашар» деген бөтен сөзбен сөз арасын былғағанша, «мықты» десек - әсерлі естілетіні әмбеге аян.
Мықтылықты әйгілейтін басты ерекшелік - «таралым көрсеткіші» біп-бірдей. Қиындық та осы тұстан туындады. Қазақстандағы әдеби журналдардың қайсысы мықты? Осы сұрақты қойып алып, ал кеп ойланайын. Былай салыстырып көрем - болмайды. Алай салыстырып көрем - келмейді. Бетіндегі суретіне (дизайн) қарап ажыратпақ болып едім, бала күнгі қырағылығымнан айрылып қалғам ба, түк ажырата алмадым. Ақыры, «безендірілуі жағынан да - бәрі мықты!» деген шешім шығарып, асығыс қол қойдық. Қағазының сапасы? Бірінен бірі өтеді!
Қаттама осылай толтырылып жатты. Бәрі мықты. Енді не қалды? Атауы қалай деген сұрақ жылт етті. Сонау тас дәуірінен... кешіріңіз, кеңес дәуірінен бері келе жатқан атағының өзі атан түйеге жүк болғандай тарихи журналдардың аты біздің құлақпен біте қайнасып кеткендіктен, оларды аттап... тағы да кешіріңіз, айналып өтіп, күні бүгін өмірге келіп жатқандарының атына үңіліп көрдік. Біреуі Жәкем атында, біреуі көкем атында - бәрі мөлдіреп тұр. Түркістанда түген баб, бәлен жерде бәлен баб деп келетін әулиелі сөз бар еді ғой, сол сияқты ана жақта атам аты, мына жақта ағам аты... Оның үстіне артында кеудесі тік, басы шалқақ, бір-бір ру тұрған соң, қоя ма, тіпті айбынданып кетеді екен. Керемет! Ішінен біреуінің атын таңдап алып, «мынау жақсы екен», - деп, басы бір қазанда енді пісіп келе жатқан елдің берекесін алып, рушылдыққа жол берер жөнің тағы жоқ.
«Толып бітуге таяу мына қаттаманы оқыған көлденең адам болса, қаптаған «өте жақсы!» бағалардан көзі сүрініп, қазақ баспасөзіне іш тарта тамсанар еді-ау», - деп қоям, өзімнің де сілекейім шұбыра түсіп.
Енді бір-ақ нәрсе қалды. Көркемдік деңгейі. Кім не жазып жүр? Қандай дүние жариялап жүр деген мәселе. Шіркін, жатып ап бәйге жарияласа әкесін танытып. Қуырдақтың көкесі сонда болар еді. Аламан десе арқасы қозып, табаны қызбас қазақ жоқ, аздаған шудан кейін-ақ оп-оңай ажыратып алар едік. Бәйге берердей сағынайлық байлық жоқ бізде, сондықтан құдай салды, біз көндік деп, өзімізше бағалауға мәжбүрміз.
Жо-жоқ, болмайды екен. Естіген жан емеурініңе елеңдесіп, елп ете қалардай, бізде қайдағы дуалы ауыз? Болмайде-е-е...
Ыңырана түсіп, ойға бөгіп қашанғы отырайын, бір жолын тапқандай да болдық. Ол тапқан жолымыздың сорабын жоғарыдағы жолдар аңғартып тұр. Яғни, «бәрі - мықты!» Бізге қалғаны біреу-ақ, ара-жігін ажыратып, бағытын бағамдап берсек жетеді. Бұл «оп-оңай» шаруаның өзін ұқсата аламыз ба, жоқ па, оның өзі беймәлім. Сонда да, сөреден шығып кеттік, енді мәреге жетпей болмайды. Мәреге қалай жетеріміз маңызды емес, әйтеуір ешкімді ренжітпестей, көңіліне жақпастай ойқастап қоймасақ болғаны.
Биылғы, яғни, 2012 жылғы Республика көлеміндегі бүкіл журналды түгел шолып шығу ма? Сосын соның бәрін шағын ғана көлемге сыйдыру ма? Қой әрі. Тұрақты түрде ешқандай баспасөзге жазылып көрмегендіктен, оның бәрін қолға түсірудің орасан машақат екенін білесіз. Тапқан күнде де, түгел парақтап отыру тағы мүмкін емес. Осыны ескере келе, жүгімізді жеңілдетер Ыбырай атамнан қалған «асыл шөпті» көптеп қолдануға тура келді. Алдымен, прозаны таңдап алдық. Аты кейін жүріп тұр деп саналатын «болашағы бұлдыр» жанрды құтқару туралы жиі дабыл қағылып жүргендігінен құлағдармыз, көпке үн қосып көрейік дедік. Сосын, әзірге қолға түскендерін жаза тұрайық, қалғанын кейін көре жатармыз деп тағы жеңілейдік. Сөйтіп, қуып келгенде бүгінгі мақаламызға негіз боларлық үш-төрт басылым ғана қалды. Барымен - базар.
Енді, ескерте кететін бір мәселе: бұл - сын мақала емес. Талдаудан да аулақ. Мазмұндауға ұқсата көрмеңіз. Қойыртпақ деуге... өзім қимаймын. Сондықтан, бір жыл ішінде журнал бетінен орын тепкен, елге жеткен (шамалап болса да) шығармалардың жалпы нобайын анықтап, көтерген тақырыбын саралауға тырысамыз. Осыдан келіп, басылымның бағыт-бағдары мен ұстанымы анықталуға тиіс деп сенеміз.
«Келіннің бетін кім ашса - сол ыстық» деген сөзді қолдануға тура келіп тұр. Ақ қағаз былғап, оны алғаш арқалап барған «Үркер» журналын қалай ұмытайын. Және, бөгеліссіз жариялансаң... Тек осы себепті ғана демейін, кейінгі кездері жастар шығармашылығына көптеп ден қойып қана емес, жыл сайын бәйге жариялап («Үркер - Үміт»), қамқорлық жасап жүрген басылым болғандықтан, сөзіміздің басын жас қалам тудырған туындылардың тәй-тәйінен бастаймыз.
«Үркер» журналы өзінің әп бісмілләсін «Ай көлеңкесі» деген әңгімемен бастапты. Манас Қайыртайұлы бұл әңгімесіне бүгінгі күн бедерін берумен қатар, қазақ үшін сес пен күштің, айбардың символы болған қасқыр тағдырын арқау етіп алыпты. Туыла салып адамның қолынан зәбір көріп, Көкшолақ атанған қасқырдың ақырғы тағдыры да адамдармен тікелей байланысты болып шығады. Хайуанаттар паркінде қамауда жатып, айға қарап ұлитын қасқырдың мінезін ұлттық дүниетаныммен ашуға тырысыпты. Біз соған қуандық. Және, Көкшолақтың өте қымбатқа сатылғанын айту арқылы бүгінгі таңда бұл саладағы сауданың қызып тұрғанын әйгілей алады. Мәселен қаладан келіп, бой жазып, аң аулап жүрген «көк көздің» мына бір сөзі:
« - Біз келгенше ана арланға тиіспе. Мейлі, қойға шапсын, шығыны жабылады. Тек тірідей әкетсем ғана. Осыны ұқ».
Міне, бүгінгі күннің бір кейіпкері осылай сөйлейді. Малдың, жан-жануардың обал-сауабы дегенді тек қана ақшамен бағалайтын нарықтық заманда әдеби образдар басқалай сөйлесе сенімсіздеу көрінер еді.
Екінші санда екі бірдей прозалық шығарма орын теуіпті. Алтынай Ауанованың «Мақшар түні», Асхат Өмірбайдың «Алланың нұры» әңгімелері. «Мақшар түнінде» Алтынай қарындасымыз жігіттің дәрменсіздігін алға тартады. Дәрменсіздік болғанда да сұмдық. Дұшпаныңа тілемес нәрсе. Мал ұрлап жүрген бір топ баукеспе, жоқ іздеген шал, қыдырып жүрген қыз бен жігіт құйып кеткен жаңбырдан қашып ескі қыстауда тоқайласқан сәттен бастап араларындағы жалғыз қыздың тағдырына елеңдей бастайсыз. Тәптіштеп айтпайды автор. Бірақ, сіз түсінесіз. «Көк дөненді қойшы, жарға жығылып өлді дер, түндегі көрген сұмдығын қалай ұмытар?! Қартайғанда ондай жүкпен қалай өмір сүрмек?!»
Біз әңгіменің негізгі түйінін осы үзіндіге тіредік. Ал, А. Өмірбай бірінші жақтан баяндалатын әңгімесінде жеті-ақ күн өмір сүрген сәбидің қысқа ғұмыры аралығында ата-анасының кешкен сезімдері мен уайым-қайғыларын, көз жасын сөз етеді. Сондай-ақ, басына қайғы түскенде намаз оқуды бастағанына қысыла тұрып, Алладан қызына өмір сұрайтын тұсы - шынайы. «Жаным қысылып, қиналғанда ғана Алланы көбірек еске алғаным үшін ұялдым...» деп ағынан жарылады. Санай отырыңыз, «Үркердің» екінші санындағы қос әңгіме де бүгінгі күнді суреттепті.
«Үркер - Үміт-2010» байқауының бас жүлдегері Эльмира Ерікқызы «Көңілдің құбылуы» әңгімесімен қауышыпты оқырманымен. Жиырма жыл кейін шегініп, тыныш, тоқшылық заманда ішкіш әкенің кесірінен жетімдік хәлге түскен бүлдіршіндер өмірінің бір сәтін тілге тиек еткен бұл шығарма да ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін ескертеді. Осы санның соңғы бетін жапқан Мақсат Рсалиннің «Сурет» атты шағын әңгімесі де бүгінде көптеп кездесетін қилы тағдырлардың бірін алға тартады. «Әкең біз үшін өлген адам! Қызым, енді ол туралы сұрама», - деген жолдарды келтіріп, осы қыз сол әкесімен кейін балалы-шағалы кезінде кездесетінін айтсақ, сөз ұғынықты болуға тиіс.
Айжан Кәрібаева «Қала бұғауы». Студенттің бір күндік, тіпті таң ертеңгілік сәтін негізге алу арқылы-ақ, басты кейіпкермен жақындастырып жібереді. Жас жігіттің қиялы арқылы теңіз жағасына да барып қайтасыз. Бұл сезімнің бәрін автобус ішіндегі ой-қиялдармен аралайды. «Айтпақшы, Әйгерімнің лекция дәптерін ұмытып кетпе. Түу, 79 уақытында келе қалса екен енді». Қалай, таныс сезім бе? Сіз бен біздің жол жүрердегі (көліксіз, жаяу жүрген кезде, әрине) уайымымыз ғой.
«Раушан гүлдің иісі» атты әңгіме де көңіл аударуға тұрарлық дүние. Еркінбек Серікбай өз туындысында гүл сататын дүңгіршекті ойын автоматтарымен алмастыру арқылы-ақ адамдардың қайда бет алып бара жатқанын меңзейді. Қоғамның суреті керек болса - алдыңызда екі әңгіме қатар жатыр. Бір нөмірде.
«Ұрпақ» атты деректі әңгіменің авторы әйгілі Ақселеу Сейдімбек. «Қазақ үшін өмірдің мәні де, сәні де ұрпақ жалғастығы болса керек», - деген соңғы сөйлеміне қосымша, өмірдің өзінен алынған нақты деректі еске ала отырып жазылған қысқа ғана әңгіменің түйіні ашаршылық кезінде де алдымен ұрпақты, азаматтың артында қалар көзін естен шығармаған ерліктерге саяды.
Бұл нөмір елге танымал жазушылардың шығармашылығын қоса шыққаны үшін ерекше деуге келеді. Себебі, Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» романының үзіндісі беріліпті. Оны талдасақ, тым арыға кетіп қаламыз, таныс та шығарсыз деп ойлаймыз. Тек, айта кетерлігі бүгінде қазақ даласына пайда іздеп келген шет елдіктердің қолбаласына айналған қазақтардың мінезін ащы әжуамен сынап тастайтындығы.
«...бірақ енді бәрі кеш еді...», - деп аяқталатын Нұрқалық Абдурақынның «Әмірбегі» өмір бойы Алласын танымай келген, тіпті мойындамаған, тек қартайғанда арақ ішіп, құлап, мертігіп жатып тәубесін таниды. Одан кейінгі сөзі әлгі.
Бұл нөмірде «Жер үстінде де жұмақ бар» романын жалғастырасыз. Оқысаңыз әрине.
Қуат Қиықбайдың «Жындысы» - шын жынды. Бірақ, кей сөзіне қарап күмәніңіз оянады. Сіз бен біз айта алмай жүрген сөзді автор осы әйелдің аузына салыпты.
Жеңісбек Көкенов «Бойжеткені» арқылы бүгінгі оң жақта отырып-ақ жүкті болып қалған қыз тағдырын алға тартады.
Ардақ Құлтайдың «Жұлдыз-жорамалы» болымсызға (жұлдыз-жорамалдағы «торпаққа» бола) кетісіп тынған қыз-жігіт хикаясына қосымша біраз мәселелерді көтеруге талпыныпты. Оқыңыз!
«Жетпістен асса да шабыты тоқырай қоймаған жазушының бір әңгімесін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік», - деген журнал редакциясының алғысөзін келтіріп отырғанымыз, Өмір Кәріпұлының да егде жазушылар қатарында екеніне анықтама бергеніміз деп түсініңіз. «Қиянат» атты әңгімесі балалықпен шалалық қылған көрші ұл-қыздың қателігін сөз етеді.
Әлібек Байболдың «Қатқан кивиін» өзіңіз оқисыз ғой деймін. «Әріптесін сонша мақтағаны несі!» - деп жүрмесін деп ескертіп жатырмын. Жетімге деген балалық аяныштың бір көрінісі - әңгіме арқауы.
Қолда бары осы. Өзіңіз де бағамдадыңыз деп ойлаймын. Көркем әдебиетте «бүгінгі күннің кейіпкерлері жоқ» болмаса «жастар жазбайды» дегенге қарсы уәж айтқыңыз келсе, алдымен «Үркерді» парақтаңыз. Көлденең жұртпен дауласа аларлық пікір қалыптастырып береді.
Бір кездері жастар журналы болған, яғни жас-кәрісі жазса да жас адамдар өмірін арқау еткен, солардың көзімен қоғамға қарауға тырысқан шығармалардың жариялаушысы - «Жалын» журналы. Жаз кезінде ғой деймін, «Жалын» жабылғалы жатыр екен, қаржылық мәселеге байланысты», - деген дықпыртты естіп, көңіліміз бұзылғаны бар. Өтірік екеніне көзімізді жеткізіп, көңіл делбегеміз. Дегенмен, 2012-ге шолу барысында сол сөздің негізі бар ма деп қалдық. Себебі, алғашқы 3 саны жеке-жеке шыққанмен, 4-10 аралығы біріктіріліп беріліпті. Жарайды, біздің мақсат жұрттың гу-гуінің түбін анықтау емес, тек, журналды қолға алғандағы алғашқы ойымыз осы болғандықтан, сөз қылып жатырмыз.
«Жалын» жылдың әлқиссасын Сәуле Рахымның бір топ әңгімесімен бастапты. «Қос мұңлық» бастаған төрт шығарма да бүгінгі күн тақырыбын қаузайды. «Қос мұңлығыңыз» - қос қария. Өткен өмірлеріне бір шолу жасап, өзі көрген тағдырын айта келіп: «...иесіз қалған сол үй мына опасыз дүниенің жалған екенін пенделеріне паш етіп тұрғандай», - деп аяқталады. Артында із қалмаған соң соларға мекен болған үй тоқал там болмай қайтсін?! Ұрпақ мәселесі төңірегінде де ой түюге болады.
Ауған соғысында жарақат алып, есте сақтау қабілетін жоғалтқан Ермахан атты жігіттің төңірегінде өрбіген оқиғаларға құрылған Шойбек Орынбайдың «О дүниеден соғылған қоңырау», Азат Әкімнің «Боранбайдың баласы» шығармалары Тәуелсіздік алар тұс пен азат жылдарда енді-енді қалыптасып жатқан елімізде болған оқиғаларды алға тартады. Ал, Бекқал Әбіштің екі бөлініп берілген «Тұңғиық» повесі отбасылық қарым-қатынас, яғни, ері мен әйелі арасындағы байланысты ашу үшін қазіргі қазақ әйелінің таным-түсінігі, әртүрлі ойлайтын, түрлі көзқарастағы әйелдер типін сәтті ашқан. Енді бір үзінді:
« - Қойыңдар, бұл - күннен күнге өзімшілдігі артып, өз жайын ғана жасап бара жатқан осы заманғы адамдардың шығарып алғаны. Қазаққа жанаспайтын пікір», - деп айтып салады бір кейіпкер батыстың әйелдерін мысалға алған желікпе бір әйелдің сөзіне қарсы.
Қазіргі діни ұстанымдар жайын сөз еткен Нұрғали Жүсіпбайдың «Үнсіздігі». Қазақы салт-дәстүрге негізделген сенім мен соның бәрін тәрк еткен жаңа исламшылдық арасындағы тартысты такси ішіндегі екі кейіпкердің аз-кем тілдесуімен ашуға тырысады.
Ауылдағы ошақ қасынан өзге уайымы да, әңгімесі де жоқ шалдар бейнесін біршама ашқан Қиял Сабдалин «Пайғамбардың көз жасы» әңгімесін ұсынса, біздің көз әбден үйреніп, таңырқауды қойған қаңғыбастар өмірін көркемдеген «Қаңғыбастың ажалы» арқылы оқырманмен кездесіпті. Аталмыш автордың «Сатқындық» әңгімесіндегі өмір бойы науқандық тақырыптарға қалам тартқан, бүгінде оқылмайтын шығармалардың (он роман, жиырмаға тарта повесть) авторы, жазушы Тасқожа Әлмырзаевтың (көркем тип) қартайған шағындағы өкінішін арқау етеді.
Есқара Тоқтасынұлы «Сиық» атты шығармасымен қазақтың дәуірлеп тұрған өткенін жоқтайды. Бүгініне ызаланады. Ертеңіне күмәнданады. Басы қаңғырып, әділдік таппай жүрген бас кейіпкер мен әкім қаралар арасындағы тайталас, көмекке келген тылсымдық образ үш басты айдаһар... Үш басты болуы қазақ үш жүзге бөлінбеуші ме еді, ендеше, жазушының қиялымен жыланға айналған қазақы рухыңыз сол әне. Ұлы Отан соғысына деген жаңа көзқарас та бар. Соғыстан қашып, жеті жыл тауда тығылып жүргенін «өкіметке ішім жылымаушы еді», - дегенге әкеп тіреген шалдың құпиясын еш қысылмастан аша салуы бүгінгі көзқарас тұрғысынан бәлендей таңданарлық оқиға емес. Осыны кезінде айтса бір кейіпкер... Жаңа заманның, азаттықтың арқасы дейміз күлімсіреп.
Соғыс кезіндегі балалық шағына саяхат жасап қайтқан Тынымбай Қаринның «Кішкентай бригадир» деген тақырыппен көлемді әңгімесі жарияланыпты. Бәлендей жаңалығы болмаса да, бірінші жақтан баяндалатын әңгіме шыншылдығымен өзіне тартады.
«Журнал ақтару» операциясы кезінде жалпы бағытты ғана анықтаймыз деп, сипай соғып өткенімізді жасырмаймыз. Оны ескерттік. Бірақ, бетін қалқып қана өтіп кеткеніңе көнбейтін де шығармалар кездесті. Тіпті, сүйсініп кетіп, екі қайтара оқыған кезіміз де болды. Соның бірі - «Ардагерлердің ұрпақтары» деген атпен берілген топтама. Ибрахим Қошқари. Шынын айту керек, бұрын көп ұшыраса бермейтін есім. Мәнісі, 2004 жылы Қытайдан келген қандасымыз екен. Қысқалық, жинақылық, жан-жақтылық. Шағын, тіпті мөлтек әңгіме деуге келетін көлемдегі төрт әңгімесін тереңірек талдасаң біразға баруға болады. Топтама тақырыбын иемденген әңгімесінен бөлек «Ағаш кесетін ара», «Мінез», «Теңге және доллар» шығармаларының ішінен соңғысына ерекше тоқталғанды жөн көрдік.
«Ертеңгі шайымды шала-шарпы ішіп, есіктен шыға бергенімде әйелім: - Әй, ана екі пакеттегі қоқсықты ала кетіп, төге сал, күресін жақын ғой, - дегені. - Әй, мен асығыспын, белің ауырып тұрса, көршінің баласына төктіре сал, кешке келгенде жүз теңге берейін, - дедім де шығып жүре бердім». Бұлай сөйлеп жүрген күшін жалдап, анығында сатып күн көріп жүрген кейіпкер. Ол да өзінше қожа. Бұл басы, енді аяғынан бір үзік:
«Мырза жанынан жүз долларлық көгал қағаз алып, маған ұстатты да, іргеде тұрған екі пакетті көрсетіп: - Мыналарды қоқсық тастайтын жерге апарып таста, - деді де, әйелге (жұмысшының әйелімен шатастырмаңыз. А.Н.) қарап: - Енді болды ма? - деді. Әйел жерге қарады». Жүз доллар мен жүз теңгенің байланысын көрдіңіз бе? Біздің қоғамда еңбекті кім қалай бағалайды ә?..
Тоқтайық. Сонша шұқшиғаны несі деп басқа авторлар ренжіп жүрер.
Біз «Жалын» арқылы оқыған соңғы автордың дүниеден озғанына көп болмаған. «Бұл - марқұмның өмірден озар алдындағы журнал оқырмандарына ұсынған соңғы шығармасы», деген редакция анықтамасы шекесіне қойылған «Жүз жылдық самғау» атты Ораз Исмаиловтың әңгімесі. Соңғы шығарма... Жазушы дүниеге биіктен қарауға тырысыпты. Адамдардың, оның ішінде қазақтардың төбесінен. Қазақ даласының аспанынан. 1905 жылдан бастап бүгінге дейінгі алаш тарихына бір өзі куә болған қазақ даласының қыраны - бас кейіпкер. Біздің ел көрген құқайдың бәрін көз алдынан өткізген бұл көне көз ақыры, өз бейнесін Қазақстан байрағынан көріп, тәубе қылады. Ұзын ырғасы осындай.
Сөзімізге негіз болған журналдың бір ерекшелігі - төбесіне «проза» деп түртіп қойғаны болмаса, шығармалардың жанрын анықтап көрсетпейді екен. Сондықтан, әңгіме мен повесть арасындағы көлемді дүниелерді «шығарма» деп атауға мәжбүр болдық.
Біздің жүгімізді тағы бір жеңілдеткен «асыл шөп» - аудармалар. Бұл аймақты да қағыс қалдырдық. Қазақ тілінде туған прозаның өзінде артық-кемін айырып көрсетердей кең дүниеге құлаш сермеген жоқпыз. Енді, шығармалардың аяқ алысынан алған жалпы әсеріміз жайлы аз-кем. Біз тоқталған авторлардың көбіне ортақ бір кемшілік - сөйлем құраудағы қателіктер. Оған қоса ойын жеткізетін детальды дұрыс таңдамау, яғни, оқиғалардың тым жадағайлығы. Басын оқысаң, соңына әрең жетесің. Менің бір таңданғаным аталмыш екі журналда да «уа, пәлі» дегізерлік прозаның аздығы. Біз жоғарыда айтқан «барымен - базарды» журнал қызметкерлері де бір қайталап: «басқа амал жоқ», - деді ме екен?.. Қалай деген күнде де, бізге беймәлім. Әйтеуір, бір нәрсе анық. Біздің қазіргі әдеби басылым - бүгінгі күнгі өзекті мәселелерге арналған шығармаларға тоқтау салмайды екен. Және, бүгінгі күннің кейіпкерлерін оқырманға ұсынсақ дейді. Басқа тақырыпты ұмыт қалдырды дегеніміз емес, басым бағытын айтып жатырмыз. Басқа тараптағы (поэзия, мақала, танымдық материалдар, сұхбаттар, т.б.) жетістіктері мен жаңалықтардың бар екеніне шүбәміз жоқ, соған қарағанда прозаның ақсақ-ақ қалғаны ғой. Өтпелі кезеңде тұрмыз деп жиі айтушы едік (жалпы, қазақтың өтпелі кезеңсіз күні өтіп пе еді, тәйірі) жұбаныш іздеп. Соған әкеп тірейміз де, ертеңге үміт артамыз. Ертең... Сол кезде бірінен бірі өткен прозалық шығармалар баспасөздің бетін сәнге бөлер... Кейі-і-і-ін. Ал, әзірге... Баспасөз атаулы жазушы қауымның сәлемдемесін елге жеткізуші ғана екенін ескерсек, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, жоқты жона ма? Бірі - кешегі, екіншісі - бүгінгі жастар басылымы атанған екі журнал жайлы бір жылдық шолуымыз әзірге тәмам.
Алмас НҮСІП