Психикалық ауытқуы бар жандарға тең қарасақ стигма азаяды – маман
АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, PhD, MBA Нәби Есімовпен психикасы бұзылған жандардың мәселесін талқылаған едік.

- Нәби Болатұлы, алдымен психикалық аурулардың қандай түрлері бар, осыдан бастасақ?
- Елімізде психикалық аурулардың халықаралық оныншы жіктелімі қолданылады, халықаралық стандартпен жұмыс істейміз. Жалпы ауруларды үлкен екі топқа бөлеміз, эндогендік және экзогендік бұзылыстар және үшінші осы екі аурудың аралас түрі бар.
Эндогенді аурулардың негізгі ерекшелігі — олардың дамуы сыртқы факторларға емес, ағзаның ішкі құрылымдарының немесе функцияларының бұзылуымен байланысты. Мысалы, шизофрения көбінесе генетикалық бейімділік пен мидың химиялық теңгерімсіздігіне байланысты дамиды деген болжам бар.
Экзогенді аурулар — сыртқы факторлардың әсерінен туындайтын аурулар. Экзогенді аурулар ағзаға сыртқы ортадан келген әсерлерден (мысалы, инфекциялар, травмалар, токсиндер, қоршаған орта жағдайлары) болады. Мысалы, психогендік депрессия — күшті стресстер, эмоционалды жарақаттар немесе ауыр жағдайлардан кейін (жақын адамның қазасы, жұмыстан шығып қалу, ұзақ уақытқа созылған қиындықтар) пайда болатын депрессия.
- Тұқым қуалайтын түрлері қалай беріледі? Әкеден бе, шешеден бе? Неше ұрпаққа дейін таралуы мүмкін?
- Қазір әлемде тұқым қуалайтын ауру мәселесі өзекті болып тұр, оның ішінде менталды бұзылу да бар.
Тұқым қуалайтын психикалық аурулар — психикалық бұзылыстар, олардың дамуы генетикалық факторларға байланысты болады. Бұл аурулар белгілі бір дәрежеде ата-аналардан балаларға беріледі.
Генетикалық бейімділік адамның психикалық денсаулығына әсер етіп, белгілі бір аурулардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Алайда, тұқым қуалаушылық - тек аурудың дамуының бір себебі ғана, оның дамуы үшін қоршаған орта, өмір жағдайлары және басқа факторлар да маңызды рөл атқарады. Теория өте көп, бірақ әзірге аурудың қалай тұқым қуалайтыны туралы нақты ғылыми дәлел жоқ және ешбір ғалым оның себебін түсіндіріп айтып бере алмайды.
- Психикалық ауру бары туған бетте байқала ма, әлде белгілі бір уақыттан кейін біліне ме?
- Психикалық аурулар әртүрлі жаста көрінуі мүмкін, бірақ олардың көбісі жасөспірімдерменжас адамдарда (15-30 жас аралығында) байқала бастайды. Бұл жас аралығында адамның миы мен психикасы әлі толық қалыптасып болмағандықтан, психикалық бұзылыстардың пайда болу қаупі жоғары болады.
Психикалық аурулардың көпшілігі жасөспірімдер мен жастарда көрініс бере бастайды. Алайда, әрбір аурудың өзіндік даму кезеңі мен көріну уақыты бар. Кейбір психикалық бұзылыстар балаларда немесе өте кеш жасқа қарай байқалуы мүмкін.
- Психикалық аурулары бар, әсіресе кәмелетке толмаған науқастардың ем қабылдау ерекшеліктері қандай?
- Әрине, балалар мен жасөспірімдерді емдеу ерекшеліктері бар.
Біріншіден, препараттың дозасы, яғни белгілі бір мөлшерде беріледі.
Екіншіден кейбір дәрі-дәрмекті тек 18 жастан асқанда ғана қолдануға рұқсат. Сол себептен, балалар психиатры препараттарды осы ерекшеліктерді ескеріп тағайындайды.
Үшіншіден, бала препараттарды уақтылы қабылдауын қадағалау керек. Оның үстіне, бала дәрі-дәрмекті қабылдаудың дозасын білмеуі мүмкін. Осы орайда, балалар психиатры науқас баланың ата-анасы немесе заңды өкілімен тығыз жұмыс істейді.
- Қазақстанда мұндай науқастар қалай емделеді?
- Елімізде барлық емдеу әдістері Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен клиникалық хаттамалар негізінде жүзеге асырылады. Онда аурудың диагностикасы, емдеу әдістері, алдын алу шаралары түбегейлі дәлелді медицина негізінде сипатталып жазылады. Бұл құжатқа негізделе, дәрігерлер емдеуді іске асырады.
- Мәжбүрлеп емдеу қай кезде қолданылады?
- Психикалық ауытқуы бар балаларды мәжбүрлеп емдеу соттың шешімімен жүргізіледі, яғни науқастың қандай мекемеде немесе стационарда ем алатынын сот тағайындайды.
«Мәжбүрлеп емдеу» мен «келісім бермей емдеу» сияқты терминдерді ажырата білуіміз қажет. Жаңа айтқанымдай, мәжбүрлеп емдеу тек сот шешімі негізінде болса, келісім бермей емдеу дәрігер психиатрдың Халық денсаулығы кодексіне негізделген шешімімен тағайындалады. Мұндай шешім науқас өзіне және/немесе айналасындағы адамдарға қауіпті болған жағдайда қабылданады.
- Шизофрения дегеніміз не, оның негізгі белгілері қандай?
- Шизофрения – созылмалы түрдегі менталды бұзылыс. Негізгі белгілері позитивті және негативті болып бөлінеді. Позитивті - психикаға ілесе жүретін үрдіс, мысалы галлюцинация немесе сандырақ ойлар. Ал негативті түрі адамда болатын эмоцияның азаюы немесе жоғалуына байланысты, яғни сол себептен негативке айналады. Олар сыртқы ортадан алыс, не болып жатқанына мән бермейді және ешқандай қызығушылық танытпайды.
- Бұл аурудан толық айығу мүмкін бе, әлде өмір бойы бақылауда болу керек пе?
- Әлемдік мәліметтерге сүйенсек, психикалық ауытқудан толығымен айығып кету фактісі жоқ. Бірақ, шизофрения ауруына қатысты ремиссия деген термин бар, ол дегеніміз адамның ешқандай симптомсыз қоғамға қайта бейімделуі. Біздің мақсат – пациентті ремиссия жағдайына дейін жеткізу және сол деңгейде сақтап қалу.
- Психикалық денсаулыққа қатысты қоғамдағы стигманы қалай азайтуға болады?
- Мемлекет пен қоғам неғұрлым дамыған болса, менталды бұзылуы бар науқастардың стигмасы соғұрлым аз болады. Сондықтан бұл мәселе қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқылануы қажет. Психикалық ауытқуы бар жандарды қоғамнан ажыратпай, тең қарасақ, стигма азаяды деп ойлаймын.
Дестигматизация үрдісіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан ықпалдардан басқа, халықтың сана сезімінің оянуы мен әр адамның өз отбасында тәрбие алуы және беруі зор үлесін тигізе алады деген ойдамын.
- Мұндай науқастардың құқықтары мен оларды қорғау шаралары қандай?
- Тиісті заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер бар, одан бөлек бұйрық бар. Сонымен қатар Халық денсаулығы туралы кодекстің ішінде психикалық ауытқуы бар жандарды қорғау мәселелері қарастырылған.
Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде психология қызметінің проблемалары мен шешу жолдары қаралып жатыр.
Елімізде психологиялық көмекке қатысты жаңа заң қабылданады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
Бұған дейін гештальт-психолог Лейла Мирастың психикасы дертке шалдыққан, яғни қауіпті болуы мүмкін адамды қалай байқап, қалай сақтану керектігі туралы кеңесін жариялаған едік.
Айта кетейік, елімізде мінез-құлқы психикалық бұзылған (ауытқуы бар) 204 408 адам бар, оның 44 781-і - кәмелет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдер.
Еске салсақ, елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай жасөспірім арнайы есепте тұрған. Қазір ол психиатриялық стационарда отыр.