Психолог: Баланың онлайн ойынға тәуелділігі лудоманияға әкелуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде 3,5 миллиард адам онлайн ойын ойнайды. Алайда цифрлық ойындардың көбеюі балалардың онлайн қауіпсіздігіне жаңа сын-қатер туғызып отыр. Бұл туралы психолог Самал Атагелді Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты. 

Психолог: Баланың онлайн ойынға тәуелділігі лудоманияға әкелуі мүмкін
Фото: видеодан алынған скрин

Оның пікірінше, ойын баланың ой-өрісін дамытуы мүмкін, бірақ ол тек ата-ананың бақылауында болған жағдайда ғана пайдалы.

– Ағылшын ғалымдары 2 000 балаға зерттеу жүргізген. Оған 3-8 жас аралығындағы балалар қатысқан. Телефон қарамаған балалармен салыстырғанда дамытушы ойын ойнаған 2 000 балада белсенділік артқаны байқалған. Бірақ Қазақстанда жағдай өзгеше. Себебі ата-аналар баласының телефонда не қарап, қандай ойын ойнап отырғанына мән бермейді, - дейді психолог. 

Маман бұл үрдістің балаларда «кликовое мышление», терең ойлануға мүмкіндік бермейтін ойлау түрін қалыптастырып жатқанын айтады.

– Қазір балалар бір нәрсеге ұзақ назар сала алмайды. Бұл психологиясына әсер етіп, агрессияны күшейтеді. Телефонды мүлде тыйып тастау да дұрыс емес. Бастысы, баланы бақылау және онымен сөйлесу, - дейді Самал Атагелді. 

Психологтің сөзінше, кей жағдайларда ойынға тәуелділік депрессия мен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін. 

– Бала 2-3 жыл бойы бөлмесінен шықпай, виртуалды әлемге байланып қалуы ықтимал. Бұл тәуелділіктің түбінде психологиялық себеп жатады. Бір бала жеңісті қалайды, екіншісі өзіне назар аударғанын және қолдау білдіргенін күтеді, - дейді маман. 

Самал Атагелді онлайн ойындарға шамадан тыс қызығушылық кейін лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа ұласуы мүмкін екенін де жасырмады.

– Ойынды жүктеудің өзі ақша тұрады. Парето заңы бар, бір бала ойнап пайда табады, ал жеңіле берген бала сол ұтысқа ұмтылумен өмірін өткізеді, - дейді психолог.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі балалардың бос уақытына мән беру қажеттігін ескерткен болатын.

Соңғы жаңалықтар