Психолог: Ойынқұмарлық — әр отбасының шаңырағын шайқалтып тұрған мәселе

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық (лудомания) үлкен дертке айналып, көптеген отбасының шаңырағын шайқалтып жатыр. Бұл туралы психолог Дариға Назарова айтты.

казино
Фото: Pixabay

Дариға Назарованың айтуынша, соңғы жылдары ойынқұмарлыққа шалдыққандар саны күрт өскен. 2023 жылы психологқа 26 адам көмек сұрап жүгінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 71-ге жеткен, оның 13-і — әйелдер.

Оның сөзінше, ойынқұмар адам алғашқы кезеңде иллюзиямен жүреді.

— Проблема содан кейін басталады. Уақыт өте туыстары мен достары оның ойынға тәуелділігін біліп, оған сенбейді. Салдарынан ойынқұмар қарызға батып, абыройын жоғалтып, қауқарсыздыққа ұшырайды. Ең қауіптісі — адам өз мәселесін шеше алмайды, оның жалғыз жолы «өлім» деп ойлайды. Дер кезінде жанашыр адам табылып, маманның көмегіне жүгінбесе, мұндай жағдай қайғылы аяқталады, — дейді Дариға Назарова.

Психолог атап өткендей, ойынқұмар адамның қарызын айналасындағылар төлемеу керек, мәселесін біреу шешіп отырса, ол қиналмайды, тағы да төлеп береді деп өзін алдайды. 

— Қиындықты түсінбесе, ол адам мәселесін шешуге құлшынбайды. Ойынқұмарлыққа өзіне не керек екенін түсінбей жүрген адам кіріп кетеді, — деп түсіндірді маман.

Дариға Назарова ойынқұмарлықты қалай жеңуге болатынын айтып берді:

  • Аптасына бір рет болса да өз әрекеттеріңізге баға беріңіз;
  • Қаржылық сауаттылықты арттырып, тренингтер мен семинарларға қатысыңыз;
  • Жақындармен көбірек уақыт өткізіп, туыстар мен достармен қарым-қатынасты нығайтыңыз;
  • Спорт, музыка немесе басқа қызығушылықпен айналысыңыз;
  • Ойынқұмарлықты мойындап, психолог немесе психотерапевт көмегіне жүгініңіз.

— Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес ойынқұмарлық — үлкен дерт екенін нақтылады. Алайда, ойынқұмарлар әдетте өз ауруын мойындағысы келмей, «өзім тоқтата аламын» деп алдайды. Бұл ретте туыстардың міндеті — оның ауру екенін түсініп, маманға жеткізу. Маман ретінде айтарым ойынқұмарлықты санаға жеткізу арқылы жеңуге болады. Өзіміз де, айналамыздағы жанашырларымыз да аман болсын, — деп тілегін білдірді Назарова.

Осыған дейін Қазақстанда лудомания жайлы фильм жарыққа шығатыны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар