Психологиялық қызмет туралы заң саланың қызметін реттей ме
АСТАНА. KAZINFORM – BIZDIÑ ORTA подкастында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мәмбеталина жаңа заң психологиялық қызмет көрсету нарығын жүйелеуге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Оның айтуынша, жыл сайын мемлекет психологтарды даярлауға қомақты қаржы бөледі.
– Еліміздегі 40-тан астам жоғары оқу орны психолог мамандарын даярлайды. Алайда олардың қаншасы мамандық бойынша еңбек етіп жүргені, ал қаншасы тиісті даярлықсыз психологиялық қызмет көрсететіні туралы нақты дерек жоқ, – дейді спикер.
Сарапшының пікірінше, жаңа заң осы олқылықтың орнын толтыруға сеп. Ол кәсіби психологтар қауымдастығын қалыптастырып, білім беру мен практиканы өзара байланыстырады. Ең бастысы, азаматтардың білікті психологиялық көмек алуына жол ашады.
Әлия Мәмбеталинаның айтуынша, соңғы жылдары қоғамның психологтарға деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Бұрын маманға жүгіну көпшілік үшін тосын құбылыс саналатын. Қазір адамдар мазасыздық, депрессия, эмоциялық күйзеліс, отбасылық жанжал мен психологиялық қолдаудың қажеттілігі туралы ашық айтады. Мұны жастардың психолог мамандығына деген қызығушылығының артуынан байқауға болады.
Дегенмен сұраныстың артуымен қатар жаңа мәселелер де пайда болды. Ақпараттық кеңістікте өзін психолог, коуч, тұлғаны дамыту бойынша маман, энергия терапевті немесе мотивациялық тәлімгер ретінде таныстыратындар көбейді. Олардың көпшілігінің арнайы психологиялық білімі жоқ. Соған қарамастан, психологиялық әдістерді қолданып, адамдарға кеңес береді. Сарапшының айтуынша, заң жобасын әзірлеуге дәл осы жағдайлар себеп болған.
– Психологиялық көмек міндетті түрде кәсіби деңгейде көрсетілуі керек. Егер қажетті құзыреті жоқ адам қиын жағдайға тап болған азаматтармен жұмыс істесе, оның салдары сан соқтыруы мүмкін, – дейді Әлия Мәмбеталина.
Маманның сөзінше, адамның өмірін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуді уәде ететін мотивациялық тренингтер де қауіп тудырады. Мұндай шаралар кезінде адам эмоциялық серпіліс сезінеді. Бірақ әсер ұзаққа созылмайды. Күнделікті өмірге оралған соң ол бұрынғы мәселелерімен қайта бетпе-бет келеді. Ал кәсіби қолдау көбіне болмайды.
Сарапшының пікірінше, қарапайым азамат үшін дипломы бар білікті психолог пен өзін әлеуметтік желіде белсенді жарнамалайтын адамның айырмашылығын ажырату оңай емес. Сондықтан психологиялық қызмет көрсету нарығын мемлекеттік деңгейде реттеу уақыт талабы.
Осы мақсатта жаңа заңда психологтардың ресми тізілімін құру көзделген. Заң күшіне енгеннен кейін мамандар білімі мен кәсіби біліктілігін растауы тиіс. Тек содан кейін олар психологиялық практикамен ресми түрде айналыса алады.
Әлия Мәмбеталинаның пікірінше, мұндай тізілім азаматтарды сапасыз қызметтен қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар психолог мамандығына деген сенімді күшейтеді.
Осыған дейін елімізде психологиялық қызмет туралы заң қабылданғаны туралы жаздық.