Qarmet екі жылдығын атап өтуде: жаңғырту мен қауіпсіздік жылы
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – 2025 жылғы 8 желтоқсанда Qarmet дамудың жаңа кезеңіне өткеніне екі жыл толады, бұл — компанияның технологиялық жаңаруы мен өндірістік әлеуетін күшейту үшін шешуші маңызға ие уақыт.
Осы аралықта тау-кен металлургия кешені процестерді тұрақтандырудан ауқымды жаңғыртуға өтіп, даму бағдарламасын елдің өзекті өнеркәсіптік басымдықтарымен және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған міндеттермен сәйкестендірді.
Компанияның жетістіктері
Екі жыл жедел өсім кезеңіне айналды. Қатты болат өндірісі 22%-ға, көмір концентратының шығарылымы 26%-ға, ал темір рудасы концентраты 32%-ға артты. Компания жөндеу бағдарламасын күшейтіп, өндірістік тізбектің ерекше маңызды учаскелерін қалпына келтірді, жабдық пен коммуникацияларды жаңғыртты. Бұл қадамдар өндіріс жұмысын тұрақтандыруға және ірі жобаларға негіз қалады.
Металлургиялық комбинатты газдандырудың бірінші кезеңінің аяқталуы саланың экологиялық трансформациясындағы аса маңызды қадам болды. Домна өндірісі бірнеше онжылдықта алғаш рет толықтай табиғи газға көшіп, қоршаған ортаға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтты. Комбинаттың басқа да цехтарын қосу жоспарлануда.

2025 жылы ең басты басымдық – еңбек қауіпсіздігі болды. Компания шахталары енді қызметкерлерді дәл анықтайтын заманауи позициялау жүйесімен және жерасты мен жерүсті процестерін біріктіретін жаңартылған цифрлық диспетчерлік орталықпен жабдықталған. Бұл шаралар нақты уақыт режимінде жедел бақылауды қамтамасыз етіп, өндірістік тәуекелдерді едәуір төмендетті. Биыл компания тау-кен өнеркәсібі қызметкерлеріне арналған өндірістік медицинаны қайта жандандырып, Қарағанды қаласында клиникалық-диагностикалық орталық ашты, ол профильдік қызметтерді тегін ұсынады.
Маусым айында кәсіпорында болып қайтқан ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қабылданып жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтіп, компанияның ілгерілеуін жоғары бағалады:
«Қазір жаңа ұлттық инвестор жаңғыртуға зор қаражат құюда. Шахтада бейнебайланыс, газ және сейсмодатчиктер, кеншілерді позициялау жүйесі енгізіліп жатыр. Дербес апаттық белгі беру құрылғылары мен бейнебайланыс сияқты қарапайым нәрселердің өзі бұрын болмаған», – деді Үкімет басшысы.
Цифрландыру жыл басымдықтарының біріне айналды: өндіріске өнеркәсіптік аналитика жүйелері, жасанды интеллект және цифрлық модельдеу енгізілуде. Жабдықтар предиктивті бақылауға көшіріліп, технологиялық процестерді онлайн-мониторингтеу желісі кеңейтілуде, негізгі агрегаттардың цифрлық егіздері жасалуда. Бұл апаттылықты азайтады, өндіріс тиімділігін арттырады және жүйелі жаңғырту үшін технологиялық негіз қалайды.
Жаңа қуаттар және мүмкіндіктер
2025 жыл ауқымды құрылыс жұмыстарымен есте қалмақ. Компания 65 жыл қолданылған агрегаттарды алмастыратын жаңа №8–9 кокстеу батареяларын салуды бастады, олар жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокс өндіруге мүмкіндік береді. Ерекше орын — 15-тен астам өнім түрін шығаратын көмірхимия жобаларының іске қосылуы. Сонымен қатар, ыстық мырыштау және полимерлі қаптау желісінің, сортты илемдік орнақ құрылысы басталды — бұл жоғары қосылған құны бар металл шығаруға жол ашады. Жаңа құю-прокат кешенін салу да жалғасуда — бұл болашақта премиум сегменттегі болат өндірісін арттырып, экспорттық әлеуетті едәуір күшейтетін жоғары технологиялық өндіріс.
2025 жылы 7 млн тоннадан астам қайталама өнім қайта өңделді, жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 8 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Ауданы 40 мың шаршы метр болатын және тәулігіне 300 тоннаға дейін қабылдайтын жаңа металл сынықтарын өңдеу алаңы ашылды. Жол құрылысы мен өзге де салаларда қайталама шикізатты қолдану бойынша жаңа келісімдер жасалып, бұл экологиялық тұрақтылықты және кәсіпорынның экономикалық тиімділігін арттырады.
Адам капиталы және өңірлер
Биыл компанияның болашақ кадрларын даярлайтын оқу корпусының жөндеуі аяқталды. Qarmet University бүгінде қызметкерлерді кешенді оқытуға және кәсіби дамытуға арналған толыққанды орталыққа айналды. Жаңғырту аясында өндірістік процестерді дәл модельдейтін жоғары технологиялық тренажерлар сатып алынды.

Компания өңірлердегі ірі әлеуметтік бастамаларды да іске асыруда. Қатысу қалаларында денсаулық сақтау, білім беру және спортты қамтитын жобалар жүзеге асуда. Мысалы, Қаражал қаласында құны 500 млн доллардан асатын инфрақұрылымды жаңарту және жаңа фабрикалар ашу бағдарламасы жалғасып жатыр.
Компания жұмыс берушілердің ұлттық тартымдылық рейтингінде 15 орынға көтеріліп, ТМК секторында 7-орынды иеленді. 2025 жылы кәсіпорын «саладағы ең үздік digital-шешім» үшін «Алтын Гефест» сыйлығын және «Парыз» конкурсында «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында жеңіске жетті.

«Біздің екі жыл — үлкен өзгерістер кезеңі. Біз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындаймыз, қауіпсіздікті күшейтеміз, өндірісті жаңғыртамыз және жаңа бағыттар ашамыз. Qarmet-тің басты капиталы — адамдар. Металлургтер, кеншілер, инженерлер, жөндеу қызметтері мен жобалық командалар — компанияның бүгінгі тұрақты өсімінің негізі. Біз Қазақстанға ұзақ жылдар қызмет ететін болашақтың кәсіпорнын құрып жатырмыз», — деп атап өтті компания өкілдері.
2025 жыл Qarmet стратегиясының нақты жүзеге асқан жылы болды: жаңа нысандар, өндірістік көрсеткіштердің өсуі, қауіпсіздіктің күшеюі, экологиялық шешімдер және әлеуметтік жобалар. Компания өз тарихына құрметпен қарай отырып, Қазақстанның берік болат қаңқасын қалыптастыра отырып, алға нық қадаммен жылжып келеді.